Әліпби жобасы тиянақтала түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Орфографиялық жұмыс тобының онлайн отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 21 қазанындағы тапсырмасына орай, латыннегізді қазақ әліпбиін жетілдіру бойынша Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Сараптама және Техникалық жұмыс топтары мен тәуелсіз сарапшылар бекітілген әліпбиге қатысты бірнеше рет ресми отырыстар ұйымдастырып, талқылау, сараптау жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның барысында қазақ тілінің әліпби түзу қағидаттарына және халықаралық UNICODE жүйесіне сәйкестігі сарапталып, диакритикалық белгілер таңдалды. Онлайн бас қосудың өзектілігі: латыннегізді әліпбиге көшу үрдісі қорытынды кезеңге таяды.

Шара барысында әліпби жобасындағы диакритикалық белгілердің тиімділігі мен бірізділігін талқылау және әліпби нұсқасын апробациядан өткізу жәйі қаралды.

Әуелгі кезекте әліпбидің жаңа жобасындағы диакритикалық таңбаларды біріздендіру мәселесі жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова жан-жақты баяндап берді.

Түркітілдес елдер арасында латын қарпіне бұрыннан көшкендер бар. Біразында әжептәуір практика қалыптасты. Диакритикаларды қолдану барысындағы осындай халықаралық тәжірибе біраз мәселенің оң шешім табуына себепші бола алады.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбек аталмыш бағытты өз талдауында нақты мысалдар арқылы жеткілікті қамтыды.

Жарыссөзге қатысқан сала ғалымдары әр диакритикалық белгілердің фонетикалық және графикалық негіздемесін талқылауға көңіл бөліп, әліпби жобасындағы диакритикалық белгілердің дыбыстық мәнді дұрыс беру функциясын саралады, әліпби жобасындағы диакритикалық белгілердің жүйелігіне баса назар аударды.

Бұдан басқа әліпби жобасының жазылым мен оқылым жүйесіндегі артықшылығы мен кемшілігін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан анықтау мақсатында өткізілетін апробация нәтижелерін талқылау мен диакритикалардың халықаралық тәжірибедегі қолданылуын талдау туралы ұсынысқа қызу қолдау көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы