Әлімжеттік көрсеткен жасөспірімдер ұсталды

Семейде бір топ жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жықты. Қазірде бұзақылар ұсталып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, ата-аналарына тиісті шаралар қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Күні кеше әлеуметтік желідегі парақшаларда семейлік оқушылардың бұзақылық әрекеттері түсірілген видео тараған еді. Белгілі болғандай Семей қаласы білім бөлімінің «№9 жалпы орта білім беретін мектебінің» 6-7 сынып оқушылары 4 сынып оқушысына қысым көрсеткен. Аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Әлімжеттік көрсеткен оқушылар ұсталып, есепке алынды. Ал олардың ата-аналарына қатысты тиісті шаралар қолданылмақ.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушылары жедел түрде орнатылып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Жасөспірімдер полиция бөлімінде есепке қойылады. Олардың тәртібін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия қарайды. Ата-аналар балаларының тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады. Оқу орны әкімшілігіне оқиғаға себеп болған жағдайлар мен себептерді жою туралы ұсыныс енгізіледі, – деді Абай облысының полиция департаментінің бастығының орынбасары Ернар Базаров.

Қылмыстық жағдай облыстық полиция департаментінің назарында. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптама жасалып, психологиялық көмек көрсетілуде. Сараптама нәтижелері шыққан соң қосымша мәліметтер белгілі болмақ. Сондай-ақ Абай облысының білім басқармасы арнайы мониторингтік топ құрылғанын хабарлады. Бұл ретте білім мекемесіне қызметтік тексеріс жүргізіліп, мектеп басшылығының тәрбие және бақылау жұмыстарындағы жауапкершілігі қаралмақ. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Семейде мектеп жасындағы бір топ оқушы жас баланы аяусыз соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз.

Фариза Талғатбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ерболат Бекболат
Өзгелердің жаңалығы