Әлімханұлының допинг ісі: Федерация не болғанын түсіндірді
Бүгін қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг ісі бойынша шешімі белгілі болды. Боксшы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін дисквалификацияланды, алайда WBO чемпионы атағын сақтап қалды. BAQ.kz редакциясы істің мән-жайын білу үшін Қазақстан Кәсіби бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбековпен байланысқа шықты.
Допинг ісі қалай басталды?
Допингке қатысты мәселе 2025 жылдың желтоқсан айында басталды. Сол кезде VADA жүргізген тестілеу барысында спортшының ағзасынан мельдоний табылған.
Ол кезеңде Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы біріктіру жекпе-жегіне дайындалып жатқан еді. Бұл кездесу 7 желтоқсанда Сан-Антониода өтуі тиіс болатын.
Рахимжан Ерденбековтің айтуынша, дәл осы жағдайдан кейін Қазақстан Кәсіби бокс федерациясы өз тергеуін бастады. Арнайы тәртіптік комиссия құрылып, жиналған материалдар халықаралық ұйымдарға — IBF, ABC, WBO және Top Rank ұйымдарына жолданған.
Тергеу қалай жүргізілді?
Федерация басшысы түсіндіргендей, Әлімханұлы бұл жағдайда Қазақстан тарапының юрисдикциясына жатты. Себебі оның соңғы жекпе-жегі ел аумағында өткен және спортшы Қазақстан Кәсіби бокс федерациясының лицензиясына ие болған.
Оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасы туралы ақпарат алынғаннан кейін федерация American Boxing Commission ұйымына ресми хат жолдап, істің Қазақстанда қаралуына қол жеткізген.
Тергеу аяқталғаннан кейін барлық материалды халықаралық ұйымдарға – IBF, ABC, WBO және Top Rank-қа жолдадық. Біздің қорытындымыз негізінде олар өз шешімдерін қабылдады. IBO белдігін сақтап қалу мүмкін болды. Алайда бүгін түнде IBF ұйымынан Жәнібектің чемпиондық титулдан айырылғаны туралы хат келді. Бұл ұйымның талаптары әлдеқайда қатаң, - деді Ерденбеков.
Оның айтуынша, бұл іс оңай болмаған. Қазақстанда мұндай жағдай бұрын болмағандықтан, федерация халықаралық заңгерлерді, тәуелсіз дәрігерлерді және антидопинг мамандарын тартуға мәжбүр болған.
Тексеру 2025 жылдың 5 сәуірінен, яғни Әлімханұлы Астанада жекпе-жек өткізген уақыттан бастап, 2 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыған.
Мельдоний ағзаға қалай түсті?
Тергеу нәтижесі бойынша, мельдоний спортшының ағзасына әдейі емес, Алматыдағы клиникалардың бірінде ем қабылдау кезінде түскені анықталған.
Мереке күндері спортшы өзін жайсыз сезініп, жұмыс істеп тұрған жақын клиникаға барған. Сол жерде оған “Репронат” препараты қолданылған емдеу курсы тағайындалған. Ал бұл дәрінің құрамында мельдоний бар. Жәнібек бұл препараттың құрамында тыйым салынған зат бар екенін білмеген, - деді Ерденбеков.
Тергеу барысында федерация боксшымен үнемі байланыста болған. Федерация президентінің айтуынша, спортшы бұл жағдайды өте ауыр қабылдаған.
Біз онымен үнемі байланыста болдық, бейнеқоңыраулар арқылы сөйлестік. Тергеу кезінде мен онымен бір рет қана кездестім - Алматыға клиника дәрігерімен сөйлесу үшін барғанымда. Жәнібек бұл жағдайды қатты уайымдады, себебі мельдоний оның ағзасына қалай түскенін өзі де түсінбей жүрді, - деді ол.
Федерация басшысы осы оқиғадан кейін Әлімханұлы қайта антидопингтік тексерістен өткенін, сондай-ақ кәсіби деңгейде өнер көрсететін басқа қазақстандық боксшыларға да қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
IBF шешімі
Еске салайық, бүгін IBF директорлар кеңесі қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын әлем чемпионы титулынан айырғаны белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан Кәсіби бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбеков Instagram парақшасында хабарлады.
IBF ұйымының ережелері өте қатаң. Олардың хатында көрсетілгендей, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін шеттетілді. Сонымен қатар ережеге сәйкес кез келген чемпион кез келген салмақта өз белдігін 9 ай ішінде қорғауы тиіс. Яғни Жәнібек титулын 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек еді. Қалыптасқан жағдайға байланысты 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесі чемпиондық титулды бірден бос деп жариялау туралы шешім қабылдады, - деп жазды ол.
Рахимжан Ерденбеков бұл жағдайды Жәнібектің командасы үшін үлкен сабақ болғанын да атап өтті.