13 Тамыз 2026, 11:46 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қарағанды облысында алимент бойынша 252 млн теңге берешек өтелді

Қарағанды облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған сот шешімдерінің тиімді орындалуын қамтамасыз етуде.

Жыл басынан бері 50 прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде мемлекет кірісіне 323,9 млн теңге өндірілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 252,4 млн теңге сомасына алимент бойынша берешек өтеліп, жүздеген кәмелетке толмаған балалардың алимент алу құқықтары қалпына келтірілді.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша анықталған заңнаманы бұзғаны үшін 58 сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды, сот шешімдерін орындаудан жалтарғаны үшін 41 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Прокуратура органдары баланы ұстауға арналған қаражатты төлеуден қасақана жалтарған адамдарға қатысты қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар қабылдауда.

2026 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 23 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, төрт борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Мәселен, өңір тұрғыны «З» үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып, 2,7 млн теңге көлемінде берешек жинаған.

Сот үкімімен оған пробациялық бақылау белгілене отырып және жылына 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бір жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.

Қарағанды облысының прокуратурасы ата-аналардың өз балаларын асырау міндеті тек моральдық парыз ғана емес, сонымен қатар заң талабы екенін еске салады. Сот шешімдерін орындаудан жалтару заңда белгіленген әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жалғасуда және облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.