Алимент төлемеген борышкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылды
Аталған 4 борышкердің жалпы берешек қарызы 8,1 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қызылорда облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда облысы Арал ауданы прокуратурасы алимент төлеу жөніндегі міндеттерінен 3 айдан астам уақыт жалтарған қаскөй 4 борышкер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139 бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Аталған 4 борышкердің жалпы берешек қарызы 8,1 млн теңгені құрайды. Борышкерлер өз міндеттерін орындамаудан қасақана жалтарғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар жыл басынан 16 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңге алимент өндірілген,- деген хабарламада.
Сотталушылар кінәсін толығымен мойындап, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Үкімдер заңды күшіне енген.
Алиментті уақытылы және толық төлеу бұл әр ата-ананың парызы.
Облыс прокуратурасы алимент өндіру бағытындағы жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауда.