Алимент қарызы тығырыққа тіреген әке бүйрегін сатпақ болды
Баласы үшін бүйрегін саудаға салған әке.
Көкшетауда алимент бойынша берешегін жабу үшін өз бүйрегін саудаға салған 34 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды. Тығырыққа тірелген әке интернет арқылы «сатып алушы» іздеп, бүйрегін сатпақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында Алматы облысының тұрғыны қаржылық қиындықтар мен алимент бойынша қордаланған қарызын төлей алмағандықтан, оқыс қадамға барған. Ол әлеуметтік желілерде бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған.
Көп ұзамай оған Көкшетау қаласының тұрғыны хабарласып, ағзаны сатып алуға ниет білдірген.
Алайда, бұл «сатып алушы» заңсыз мәміленің жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлерімен алдын ала келісіп, ерікті түрде жәрдемдескен.
2026 жылдың ақпанында күдікті медициналық тексеруден өту және заңсыз келісімшартты аяқтау үшін Көкшетау қаласына барған. Ол жалған сатып алушыдан уағдаласқан ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұсталады.
Ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 116-бабы 1-бөлігі (Адамның ағзаларын заңсыз алуға оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, алименттік міндеттемелер бойынша берешегінің болғанын, мұндай қадамға тек отбасылық жағдайы мен ауыр материалдық жетіспеушілік итермелегенін айтып, өкініш білдірген.
Сот үкімімен бүйрегін сатпақ болған ер адамға 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді, - деп хабарлады Көкшетау сотының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда ағзасын саудаға салған тұрғынға сот шешімі шықты.