Алимент қарызы 3,2 млн теңге: Жамбыл облысында сот ЖСО шешімін заңсыз деп таныды
Сот алимент алу құқығы ата-анаға емес, тікелей балаға тиесілі екенін атап өтті.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты алимент бойынша қарызды есептеуге қатысты жеке сот орындаушысының (ЖСО) екі қаулысын заңсыз деп танып, олардың күшін жойды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда ЖСО азамат К.-ның 2021–2024 жылдар аралығындағы алимент бойынша қарызын 3,2 млн теңге деп есептеген. Кейін алимент алушы азаматша М. борышкердің қарызын кешіретіні туралы өтініш берген. Соның негізінде ЖСО бұрынғы қаулының күшін жойған.
2026 жылғы сәуірде ЖСО қарызды қайта есептеп, оны 513 мың теңге деп белгілеген. Бұған келіспеген азаматша сотқа жүгінді.
Сот алимент алу құқығы ата-анаға емес, тікелей балаға тиесілі екенін атап өтті. Сондықтан ата-ана баланың алиментке қатысты құқығынан өз бетінше бас тарта алмайды. Кәмелетке толмаған балаға қатысты алимент қарызынан босату тек сот шешімімен жүзеге асырылады.
Нәтижесінде сот ЖСО-ның екі қаулысының да күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандырды. Сондай-ақ алимент бойынша қарызды есептеу кезінде бастапқы 3,2 млн теңге сомасы ескерілуі тиіс екенін көрсетті.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.