Алимент өндіру бойынша үш мамандандырылған кеңсеге жаңа автокөлік берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының төрағасы Айдос Иманбаев Ақтөбе, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы алимент өндіру жөніндегі мамандандырылған кеңселерге үш жаңа «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілтін табыс етті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Бұл өңірлер алимент өндіріп алу, борышкерлерді жауапқа тарту, ең бастысы бұрынғы ерлі-зайыптыларды татуластыру бойынша көш бастап тұр. Арнайы бөлімшелердің көлікпен қамтамасыз етілуі олардың жұмысының тиімділігін арттыруға және басқа өңірлер үшін ынталандыруға арналған. 

Сондай-ақ адал еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін аталған өңірлердің 19 сот орындаушысы республикалық палата төрағасының Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды.

Алимент өндіруге өз үлесін қосып, жұмысты ұйымдастыруға көмектескені үшін Ақтөбе облысы Әділет департаментінің басшысы Бекболат Колумбаев пен Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің Айнұр Кушкинбаева Палата төрағасының медалімен және грамотасымен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы