Алимент, ДНҚ және бала асырап алу: Конституциялық Сот қандай ережелерді өзгертті?
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты қызметінде ерекше орын алады.
Отбасылық қатынастарға, алименттік міндеттемелерге, бала асырап алуға, баланың ұлтын айқындау мәселелеріне және өзге де салаларға қатысты істерді қарау барысында Конституциялық Сот әрдайым баланың мүддесін барынша қамтамасыз ету жөніндегі конституциялық қағидатқа сүйенеді.
Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытынды шешімдерінде қалыптастырылған құқықтық ұстанымдар заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіруге, құқықтық айқынсыздықты жоюға және балалар құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді. Қаралатын құқықтық қатынастардың әртүрлілігіне қарамастан, оларды ортақ бір тәсіл біріктіреді: балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты мәселелерді реттеу кезінде баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету мен оның мүдделерін қорғауға басым мән берілуге тиіс.
2023 жылғы 1 маусымдағы №18-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот азаматтардың сотқа жүгінуіне дейін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу талабын заңсыз деп көрсетті. Аталған талап мемлекеттің баланың мүддесін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді деп танылып, кейіннен күшін жойды.
2024 жылғы 28 маусымдағы №46-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот жеке кәсіпкерлер үшін алимент мөлшерін есептеу кезінде құқықтық айқынсыздық бар екенін анықтады. Сот алимент төлеушінің нақты табыстары ескерілуі қажеттігін атап өтті, өйткені алимент мөлшерін айқындаудағы қателіктер тікелей баланың мүддесіне әсер етеді. Шешім қорытындысы бойынша кәсіпкердің кірістері мен шығыстарын ескере отырып алимент есептеу тетігі бекітілді.
2024 жылғы 23 шілдедегі №49-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің бала асырап алуға қатысты нормасын конституциялық емес деп таныды. Сот заңнамалық тетіктер баланы отбасында тәрбиелеу мен дамыту үшін оның мүдделері мен қажеттіліктеріне сай неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс екенін көрсетті. Аталған құқықтық қатынастар Конституцияға сәйкестендірілді.
2024 жылғы 24 желтоқсандағы №58-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот бірнеше сот актілері бойынша алимент өндіру мәселелерін неғұрлым толық реттеу қажеттігіне назар аударды. Кейіннен Жоғарғы Сот нормативтік қаулыға тиісті өзгерістер енгізді, бұл балалардың мүліктік мүдделерін қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.
2025 жылғы 16 сәуірдегі №70-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің ата-аналары белгісіз болған не олардың ұлтын анықтау мүмкін болмаған жағдайларда баланың ұлтын айқындау және өзгерту тәсілдерінің болмауына қатысты нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Сот баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін өмірлік жағдайларды ескеру қажеттігін атап өтті.
2026 жылғы 18 мамырдағы №80-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот ата-аналарға қатысты әкімшілік қамақ қолданудағы айырмашылықтар жыныс белгісіне емес, ата-ананың балаға үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне байланысты екенін, сондықтан бұл кемсітушілік болып табылмайтынын атап өтті. Сот заң шығарушы қолданатын «он төрт жасқа дейінгі бала» санаты баланың тұрақты күтімге, тәрбие мен қамқорлыққа жоғары тәуелділігін көрсететінін атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының практикасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау конституциялық бақылаудың басым бағыттарының бірі екенін дәйекті түрде растайды. Соттың нормативтік қаулылары мен қорытынды шешімдерінде қалыптастырылған құқықтық ұстанымдар заңнаманы жетілдіруге, құқықтық айқынсыздықты жоюға және бала құқықтарын іске асыру кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді.
Конституциялық Сот қалыптастырған тәсілдерді заңнама мен құқық қолдану практикасына дәйекті енгізу балалар құқықтарын неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етіп, әділеттілік, гуманизм және құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтудың маңызды шарты болып қызмет етеді.