Алимент, борышкер, жеке сот орындаушы: Қарыз қалай өндіріледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алимент өндіру жұмысы қалай жүріп жатқанын барлығы бірдей біле бермейді. Елімізде алғаш болып алимент өндіру бойынша мамандандырылған топ Павлодар облысында құрылған. Осы топ пен жеке сот орындаушылар қалай жұмыс істейтінін сұрап білдік.
Алимент өндіретін мамандандырылған топ
Павлодар облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Төремұрат Қажымұратовтың айтуынша, 2018 жылы Павлодар облысы бойынша тәжірибелі жеке сот орындаушылардан тұратын «Алимент өндіру туралы мамандандырылған топ құрылды.
Мұндай арнайы топ ең алғаш Павлодар облысында ашылды. Бұл топтар Павлодар және Екібастұз қалаларындағы жеке сот орындаушылардың қатысуымен құрылған. Мамандандырылған топтың негізгі міндеті - алимент өндіру бойынша атқару құжаттарын рәсімдеу.Осылайша, мамандандырылған топтың әкімдік, прокуратура және әділет органдарымен бірлескен және үйлесімді жұмысы мен алимент өндіріп алудың оң үрдісі байқалады, - дейді Қажымұратов.
Оның айтуынша, проблемалық алименттердің саны 51 пайызға азайып, 1066-дан 522-ге түскен.
Сондай-ақ іздеуде жүрген борышкерлерді 425-тен 183-ке дейін азайған.ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша 477 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Павлодар облысында ҚР Қылмыстық кодексінің 139-ы бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке 18 борышкер тартылды, - дейді ол.
Төремұрат Қажымұратовтың айтуынша, қарызды өтеу мақсатында сатылған 74 жылжымайтын мүлік 120 млн теңге сомаға, 59 жылжымалы мүлік 61 млн теңгеден астам сомаға сатылған.
Павлодар облысының жеке сот орындаушылары қамауға алу учаскесіне орналастыру туралы 449 қаулы шығарып орындауға жолданды. Оның ішінде 149 автокөлік қамау алаңына орналастырылды. 330-дан астам борышкердің жүргізуші куәлігі тоқтатылды.Бұл ретте мамандандырылған топ құрылғалы бері қарызды өтеуге 955 миллион теңгеден астам қаржы өндірілген.Тұрақты негізде аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында аз қамтылған отбасылардың алимент төлемей жүрген балаларына материалдық қолдау көрсетіліп жатыр, - деді ол.
Жеке сот орындаушылары қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушы Жанар Қалиасқарова осы қызметінің қызығы мен шыжығы туралы айтып берді.
Үш баланың анасымын. Үлкен қызым 29-да, оның да үш баласы бар. Сондықтан мен әжемін. Қалған екі балам мектеп оқушылары. 9 және 5-сыныптарда білім алып жатыр. 2015 жылдан 2017-ге дейін мемлекеттік сот орындаушы болдым. Жеке сот орындаушы ретінде 2017 жылдың желтоқсанынан бастап жұмыс істеймін. Жеке және мемлекеттік сот орындаушы ретінде де тәжірибем бар, - деді Қалиасқарова.
Қалиасқарова өз қызметін жақсы көрсетінін және сыйлайтынын айтады.
Әрбір жұмыс сияқты біздің жұмыста да күрделі кезеңдер болады. Алимент төлеушілерге келетін болсақ, борышкерлерді жұмысқа тұрғызуға тырысамыз. Ол енді әркез қолымыздан келе бермейді. Әрине, негізгі бөлігі жұмыс істейді. Бірақ жауапкершіліктен қашып, жұмыс істеймейтін санаттар да бар. Жұмысқа тұрған күнде де біраз уақыттан кейін шығып кетеді. Біз олармен тұрақты түрде жұмыс жүргіземіз. Олар алимент төлемей жүрсе, борыштары өсе береді. Қарыз көбейсе, оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Осы кезде борышкер жасырына бастайды. Ондай жағдайда біз оларға іздеу саламыз, - дейді жеке сот орындаушы.
Маманның айтуынша, жұмыс өте қызықты, себебі адамдармен тікелей жұмыс істейсің.
Біздің көз алдымыздан адамның әртүрлі тағдыры өтті. Бүгінде алимент төленген балалардың ішінде 18-ге толып жатқандары бар. Өндірісте алимент төлемейтін борышкер әйелдер де бар. Олар түсініксіз өмір салтын ұстанып, жұмыс істемейді. Біз оларға іздеу саламыз. Көбі жұмыс істемейді. Жұмысқа тұрғызудан бөлек тұрақты мекенжайы да болмайды. Осы санатпен күрделі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың балалары мектеп-интернат пен балалар үйінде болады. Ондай аналар көп жағдайда бала тәрбиелеу құқығынан айырылған, - деді ол.
Жанар Қалиасқарованың айтуынша, халықпен әңгімелесу кезінде психологиялық тетіктерді білген жөн.
Себебі халықтың қаржылық жағдайы тұрақты болмағандықтан жұмысымыз қауіпті, сондықтан кейде борышкерлердің мінез-құлқы күтпеген жерден өзгеріп кетеді. Бірақ уақыт өте келе сот орындаушысы психолог болып, адамды танып, борышкердің мінез-құлқын болжай алады. Сондықтан әрбір борышкерге жеке қарау керек.Балаға алимент төлеу туралы әрбір істің артында баланың жоғары мүддесі тұр, - дейді ол.