Әлихан Смайылов: Үкімет бизнестің проблемаларынан хабардар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов хабарлады.
Бүгін - бүкіл бизнес-қоғамдастық үшін маңызды күн. Сіздер палатаның жаңа төралқа мүшелері мен төрағасын сайладыңыздар. Райымбек Әнуарұлы – бизнес саласында тәжірибелі азамат. Бизнес-қоғамдастықтың талап-тілегін жақсы біледі. Қазіргідей күрделі кезеңде өзекті проблемаларды шешіп, қазақстандық бизнестің одан әрі өркендеуіне бірге жол ашамыз деп сенемін, - деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар ол ел Үкіметінің бизнестің проблемаларынан хабардар екенін алға тартты.
Үкімет бизнестің проблемаларын біледі және оларды шешу мәселесін ерекше назарында ұстайды. Өткен жылы бірінші вице-премьер ретінде шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде апта сайын кеңестер өткізіп отырдым. Онда 18 қызмет саласы бойынша бизнестің 160-тан астам мәселесін қарадық. Осы проблемалардың шамамен 75%-і оң шешімін тапты.
Кеше мемлекеттік органдар мен палата өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте 250-ден астам мәселе қосымша айтылды, - деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, Үкімет осы сұрақтарды жұмысқа алып, белсенді түрде қарастыратын болады.