Әлихан Смайылов пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігін іске қосуды ұсынды
Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Смайылов айтқандай, экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылады. Бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отыр.
Бұл мәселелерді ашық айтып, экономика үшін осындай қолдаудың тиімділігін жан-жақты талдау керек. Біз өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кірістік. Нәтижелерін биыл баяндаймыз. Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған, - деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.
Оның айтуына қарағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр.
Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай. Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді. Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігіне пайдалану керегін айтты.
Осыған дейін Смайылов 600 млн теңгеге салынған баспанаға әлі ешкім қоныстанбағанын айтқаны туралы жазғанбыз.