Әлихан Смайылов оқу бағдарламаларына «Кәсіптер атласын» енгізуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 31 наурызда Нұр-Сұлтанда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен білім беру жүйесін қайта форматтау және экономиканың қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлауды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады primeminister.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленіп, ол 2020 жылы бекітілді. Құжат 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасына енгізілген және еңбек нарығы мен кәсіби стандарттарды болжауға негіз болып табылады.
Атлас мұнай және газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жасау, тау-кен металлургиясы және құрылыс салаларынан тұратын 9 басым бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстанда жойылып бара жатқан 129 мамандық тіркелген, 95 мамандық трансформация процесінде, 239 жаңа мамандық пайда болды (оның 37-сі мұнай және газ саласында, 32-сі энергетикада, 11-і машина жасауда, 40-ы АT саласында және т. б.).
ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кадрларды даярлауды қамтамасыз ету жүйесіне мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының өкілдері қатысып жатқанын атап өтті.
Қазіргі еңбек нарығы білім беру мекемелерінің, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің жаңа салаларға, кәсіптер мен дағдыларға жедел бейімделуін талап етеді. 2022 жылы ҚР жоғары оқу орындары 91 инновациялық бағдарлама әзірледі, 2025 жылға қарай оны 200-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар техникалық даярлау бағыттарына мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ биыл Қазақстанның 406 өнеркәсіптік кәсіпорны 406 ТКББ колледжін қамқорлыққа алған. 2021 жылы бар болғаны 51 оқу орны қамқорлыққа алынды. Қолдау көрсететін кәсіпорындар қамқоршылық және индустриялық кеңестердің құрамына кіреді, педагогтердің тағылымдамадан өтуіне көмектеседі, оқушылардың өндірістік практикадан өтуіне жағдай жасайды және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша өздеріне белгілі бір міндет алады.
Биыл Қазақстанда кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың мақсатты мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Колледждерде техникалық даярлау бағыттарына мемлекеттік тапсырыс үлесі 40%-дан 70%-ға дейін ұлғайтылды.
Бұған қоса, колледждер жұмыс берушілермен және қамқорлыққа алушы кәсіпорындармен келісілген білім беру бағдарламаларын әзірлей бастады.
«Кәсіптер атласының» әзірленуіне және нарықтың техникалық мамандарға қажеттілігінің арттыруына қарамастан, Қазақстанда кадрларға қажеттілікті болжау әлі де жеткілікті дамымағаны, қазіргі білім беру бағдарламалары еңбек нарығы талаптарының өзгеруін және қажеттілік бойынша болжамдарды толық көлемде көрсете алмайтыны атап өтілді.
«Кәсіптер атласын» ауқымды түрде енгізу үшін оқу орындарының білім беру бағдарламаларына түзету енгізіп, білім беру мекемелерінде жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысын орналастыруды түзету ұсынылды.
Отырысқа қатысушылардың баяндамаларын тыңдағаннан кейін Әлихан Смайылов хаттамаға бірқатар нақты тапсырма енгізуді, сондай-ақ ҚР Үкіметі отырысында білім беру жүйесін қазіргі жағдайға бейімдеп қайта қалыптастыру мәселелерін қарауды тапсырды.