Әлихан Смайылов: Келісі - 400 теңге! Пияз неге қымбаттады?
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің мндетіміз – 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар, - деп атап өтті Сауда және интеграция мен Ауыл шаруашылығы министрлерінің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы.
Айтуынша, былтыр еліміз егіннен қажетті қорды жинақтаған.
Сондықтан белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылды.
Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады? Келісі – 400 теңге! Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық, - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол бірінші кезекте өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қаралғанына тоқталды.
Алайда әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз, - деді Премьер-министр.