Әлихан Смайылов: Еліміздің ғылым саласын қайта қарау міндеті тұр

Премьер-министр Әлихан Смайылов Жоғары білім және ғылым форумына қатысушыларға видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы жоғары білім және ғылым саласы мамандарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Өткен жылды қорытындылап, алдағы жылға жаңа міндеттер айқындайтын жоғары білім және ғылым форумына қош келдіңіздер. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтер мен ғылым саласының қызметкерлері осы айтулы іс-шараны асыға күтеді. Ғылым мен жоғары білімнің даму мәселелері Мемлекет басшысының жіті назарында екенін өздеріңіз білесіздер, - деп айтты Смайылов.

Үкімет басшысы форум ғылым мен жоғары білім саласының өзекті мәселелерін талқылайтын, жаңк оқу жылының негізгі бағыттарын анықтайтын ашық алаң екенін атап өтті.

Адами капиталды қалыптастыруда мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін арттыруда бұл саланың маңызы зор екені айқын. Біздің алдымызда Мемлекет басшысының тапсырмалары мен оған сұраныс аясында бірталай міндет тұр. Бұл міндеттерді сапалы орындау үшін Үкімет биыл наурызда ҚР-да жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Алдымызда еліміздің ғылым саласын қайта жүктеу міндеті тұр. Осы бағытта ғылымды басқарудың жаңа моделіне көшуді бастадық, - деп айтты Әлихан Смайылов видеоқұттықтауында.

Негізгі мақсат - ғылым мен жоғары білімнің дамуы экономиканың өсуіне және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағыттау.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы