24 Тамыз 2026, 06:33 Фото: Dado Ruvic/REUTERS

Alibaba ЖИ-ге инвестиция салу үшін қосымша акциялар шығармақ

Тартылған қаражат толығымен жасанды интеллект саласындағы бизнесті дамытуға бағытталмақ.

Қытайлық Alibaba Group Гонконг қор биржасында қосымша акциялар орналастыру арқылы 80 млрд Гонконг долларына (шамамен 8,7 млрд еуро) дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр.

DW порталының жазынша, компания 710 млн жай акцияны бір акция үшін 112,70 Гонконг доллары бағасымен орналастыруды көздейді.

Тартылған қаражат толығымен жасанды интеллект саласындағы бизнесті дамытуға бағытталмақ. Атап айтқанда, Alibaba есептеу инфрақұрылымы мен деректер орталықтарын кеңейтіп, AI технологияларына қажетті қуаттарды арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар инвестиция чиптер әзірлеу, жасанды интеллект модельдерін жасау және оларды қолданысқа енгізуді қамтитын «толық циклді AI ресурстарын» дамытуға жұмсалады.