“Әлі күнге дейін арбамен су тасып ішіп отыр”. Депутат ауылдағы ағайынның жағдайын көтерді

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ауыл тұрғындары әлі күнге дейін сусыз отырғанын, олар суды арбамен тасып жүргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылы барлық ауылды 100% сумен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Биылғы бюджеттің жобасында бөлінетін қаражатты есепке алатын болсақ, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы уақытылы орындалмайтын түрі бар. Біз барлық ауылды есепке алып, 80 млрд теңгеге жуық қаражатты AMANAT фракциясының атынан арнайы отырғыздық. Соның өзінде сіздер бұл бюджеттің жобасында тек 15 млрд теңге қаражатты ғана қолдап отырсыздар, - дейді депутат.

Бейсенбаевтың сөзінше, кейбір өңірлер Мемлекет басшысының тапсырмасын ысырып қойып, тіпті жобалық-сметалық құжаттардың өзін дайындамаған.

Яғни бұл Үкіметтің бақылауының әлсіздігі деп есептеймін. Неге олар дайындамаған? Мемлекет басшысы тапсырған 500 адамнан асатын тұрғыны бар ауылдың барлығы сусыз қалуы керек пе? Суы жеткізілген ауылдардың Жоғарғы аудиторлық палатаның есебі бойынша шамамен 13%-ға жуығы қайтадан жөндеуден өтуі керек. Яғни оларда су жетіспейді. Солтүстік Қазақстан, Түркістан сияқты 7 өңірде әлі күнге дейін арбамен су тасып ішіп отырған азаматтар, отбасылар бар. Осы жобаны аяқтау жоспарларыңызда бар ма? Егер бұл жобаны 2025 жылы шамамен 100 млрд қаржы бөліп толық аяқтамасаңыздар, бұл мәселеде жауапкершілікті кім мойнына алады? – деп сұрады Елнұр Бейсенбаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттың сұрағы жауап бергенде су мәселесін ведомство назарда ұстап отырғанын айтты.

Ең алдымен ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің қарауында. Қазіргі таңда бюджеттің жобасында 79 млрд доллар көзделген. Қосымша депутаттардың қолдауымен 16 млрд қосылды. Осы қаражатты 106 жобаға бөлеміз. Әрине, басқа қаражат көздерін іздеу қажеттігі туындайды. Президенттің тапсырмасын орындаймыз. 2026 жылдың бюджетін нақтылау кезінде осы мәселені тағы қарастырамыз. Жобалық-сметалық құжат бойынша бірнеше өңір кешігіп жатыр. Осы жұмыс менің жеке бақылауымда. Осы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманың көбі дайын болады деп ойлаймыз. Осы мәселенің маңызын бәріміз түсінеміз. Келешекте басқа көзден қаражатты қарастырамыз, - дейді Қанат Шарлапаев.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжілісте алдағы 5 жылға болжам жасалып,  3 жылдық бюджет бекітілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы