“Әлі де бақылау жеткіліксіз”. Министр мектеп асханаларына тексеріс жүргізілгенін айтты
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларындағы басты мәселелерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейсембаевтың дерегінше, бүгінгі таңда 1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұған жергілікті бюджеттен 162 млрд теңге бөлінді.
Еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне қыркүйек-қазан айларында мониторинг жүргізілді.
Республикалық мониторинг қорытындылары мектептегі тамақтандырудың ұйымдастырылу сапасына қатысты сұрақтардың туындауы атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетіп отыр, бұл заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, мониторинг жұмысының барысында 771 бұзушылық анықталғанын атап өткім келеді, - деді министр.
Сондай-ақ министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кешенді бағалау жүргізді.
Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Бұл аталған өңірлердегі әкімдіктердің тамақтандыру сапасына ерекше назар аударып, бақылауды күшейту қажеттілігін көрсетеді, - деді Ғани Бектайұлы.
Оқу-ағарту министрлігі тамақтандыру сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап, тиісті нормативтік құқықтық талаптарды бекітті. Оның ішінде:
1. Білім беру ұйымдарында тамақтану нормалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес қайта қаралды.
2. Тамақтану сапасына бракеражкомиссияларының күнделікті мониторинг жүргізуі және ведомствоаралық сарапшылық топтың ұдайы бақылауы енгізілді.
3. Өнім берушілердің қызметін бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуытуралы шарт бекітілді.
4. Аспаздар біліктілігіне, олардың білімі мен еңбек өтіліне қойылатын талаптаркүшейтілді.
5. Ас блогына бейнебақылау орнату міндеттелді.
6. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін тамақ алатын балаларды автоматтандырылған түрде есепке алужұмыстары жүргізілуде.
7. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленіп, 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда.