Әли Бектаев: Басты ұстаным – парламенттік партия болу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кезде ел ішінде сайлауға қатысты сыбыс шығып жүр. Тіпті кеше ғана Сайлау туралы заңға өзгерту енгізу туралы референдум өткізу туралы ұсыныс жасалды.
Одан бөлек, биылғы жылы еліміз тарихында ерекше саяси оқиғалар болды. Осы жағдайларға байланысты еліміздегі саяси партиялардың бірі "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаевпен сұқбаттасқан едік.
- Әли Әбдікәрімұлы, қазір саяси аласапыран уақыт. Өзіңіз басқарып отырған "Ауыл" партиясының елдегі белді партиялардың бірі ретінде елдегі осы өліара кезеңді қалай өткеріп жатыр? Жалпы партияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталсаңыз. Жақында партияның съезі өтеді деген сыбыс бар. Съезге дайындықарыңыз қалай?
- Бірден айтайын, ол съезд саяси науқанға немесе саяси мақсатқа қатысты нәрсе емес. Партиямыздың Жарғысына сәйкес төрт жылда бір рет партияның Саяси кеңесі съезде есеп беріп отыруы керек. Сол сияқты біз төрт жылда бір рет өз ішімізде сайлау науқанын өткізіп тұрамыз. Қазір біздің барлық өңірдегі филиалдарда есеп беру, сайлау конференциялары өтіп жатыр. Мысалы, жақында Солтүстік Қазақстан облысында өтеді. Мен өзім соған қатысуға барамын.
Сонымен облыстардағы конференциялардың реті аяқталып, барлық жерде делегаттар сайланады да, 27 қарашада съезімізді өткізейік деп отырмыз.
Онда маған жүктелген міндет партияның саяси кеңесінің есебін делегаттарға баяндап беремін. 200-ден астам делегатымыз болады, әр өңірден өкілдер келеді. Делегаттар қатарында түрлі сала өкілдері бар. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері, ауылдардағы білім саласының, медицина саласының қызметкерлері, жастар өкілдері, қалалық филиалдарымыздан ғылыми қызметкерлер де бар.
Негізгі мақсат, негізгі ой – ауылдың тақырыбы. Партиямыздың да негізгі тақырыбы ауылды қолдау, ауыл тұрғындарын қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл мәселелерін көтеру мен шешу. Дегенмен "ауыл тұрғындарын да қолдап, ауыл шаруашылығын да дамытып жатырмыз" деп "үлкен" әңгіме айтпай-ақ қояйын. Негізінен осы ауыл шаруашылығымен айналысатын министрліктер мен органдар. Оларға мемлекеттен тиісті қаржы бөлінеді. Сол қаржыға сәйкес қолдау көрсетіліп, жұмыс жүруі тиіс. Біздің негізгі саяси бағытымыз – сол жасалып жатқан жұмыстарға көзқарасымызды білдіріп, кемшін тұстарын елге, халыққа жеткізіп отыру, мәселелерді мезгілінде көтеріп отыру деп ойлаймын.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында айтылып жүрген де, айтылмай жүрген де проблемалар өте көп.
- Айтылып жүрген деп қалдыңыз, соңғы бір жылға таяу уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынған бағдарламалар бойынша кәсіпкерлікпен айналысып жүрген шаруа иелеріне субсидия төлеу мәселесі бар. Осыған байланысты тиісті органдарға ескерту жасадыңыздар ма?
- Сенаттың депутаты ретінде осы мәселе бойынша премьер-министрдің атына екі депутаттық сауал жолдадым. Себебі бізге көптеген ақпарат келеді. Біз аймақтарға шығып кездесеміз, өңірлерден, филиалдарымыздан ақпарат келеді. Шынында да осы ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия мен жеңілдетілген несиелерде бір жүйелілік қалыптаспай жатыр. Ол жерде бір жүйе болмай, "біздің шаруалар сол алатын қаржыны қандай мақсатта ала алады? Ертең перспективада қандай нәтижеге қол жеткізе алады?" дегенді біліп алмай, ауыл шаруашылығын дамытудың өзі өте қиын. Себебі ауыл шаруашылығын дамытып жатқан сол шаруалар. Шаруалар болғанда да сол кішігірім, субсидияға мұқтаж шаруалар.
Бізде көп жағдайда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер мен субсидияларды ірі шаруашылықтар пайдаланып кетіп жатыр. Ол да жасырын емес, айтылып жүрген мәселе. Ал шағын кәсіпкерлерге келгенде қаржы жетпей қалады. Бұның төңірегінде объективті, субъективті проблемалар бар. Шаруалар несиеге қоятын кепіл мүлкінің жоқтығынан бастап, оны ертең қайтару мүмкіндігіне дейін үлкен мәселелерге тап болады.
Несиені қайтару үшін өздеріңіз білетіндей, соған лайықты жағдай, техникалық база болуы керек. Шағын шаруаларда техниканың өзі шамалы. Біз сол техникалардың бүгінгі таңдағы жағдайы туралы да жарты жыл бұрын бүкіл шаруаларды жинап, механизаторларды жинап, Қостанайда үлкен көшпелі отырыс өткіздік.
Қанша уақыттан бері айылып келе жатса да неге осы техника мәселесін біз реттей алмаймыз? Бүгінгі таңда біздегі тракторлар мен комбайндардың 70-75 пайызы ескі. Оның бәрі сол майда қожалықтарда. Ал енді егіс егетін агрегаттардың көпшілігі қазіргі технологияға сәйкес келе бермейді. Оның егіс көлемін қамту жағынан, қызмет ету мерзімі жағынан болсын. Осындай көңіл аударатын нәрселер өте көп. Сондықтан да біз осындай мәселелерге назар аудартатын шаралар өткізіп тұрамыз.
- Партия атауына өзгерту енгізу ойларыңызда жоқ па?
- Ауыл дегеніміздің өзі әдемі тақырып, әр қазақтың жанына жақын, тек қана қазақ емес әр ұлттың өзіне жақын. Себебі біздің түбірімізде, тамырымызда, бүкіл рухани деңгейіміздің бастауы да барлығы сол ауылдан басталады. Қай ұлтты алсаңыз да тәрбиесі, отбасылық құндылығы ауылдан бастау алады. Сондықтан ауыл деген тақырып тұрған кезде меніңше, біздің партияның жалпы саяси деңгейі де, партияның ел алдындағы абыройы да еш уақытта төмендемейді. Әрине ол бізге, партияның мүшелерінің, басқармасының жұмыс істеуіне байланысты. Бүгінгі таңда басқа партиялардан кішкене ұтылатын жағдайымыз бар – біз парламенттік партия емеспіз.
- Осы жерде бір сұрақ, алдағы сайлауда осы олқылықтың орны толуы мүмкін бе?
- Әр саяси партияның негізгі мақсаты сол – парламенттік партияға айналу, парламентте басымдық алу. Себебі парламенттік басымдылығы көп партияның өмірге, экономикаға, соның ішінде ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға шынайы мүмкіндік алады. Неге десеңіз, Парламентте соған лайықты заңдар қабылданады. Қабылданатын заңдарға әсер етуге, ұсыныс енгізуге, дұрыс бағытқа бұруға мүмкіндік алады. Одан бөлек республикалық көлемде көптеген мемлекеттік органдармен тікелей байланыс жасап жұмыс істеуге, оларға ықпал етуге саяси күшке ие болады.
Мен сізге айтайын, бізде қазір аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарда 72 депутатымыз бар. Ол енді партиялық тізіммен өткен депуттарымыз емес. Бірақ Ауыл партиясының мүшесі ретінде сайлауға өздері қатысып өткен депутаттар. Алайда олар Ауыл партиясының өте абыройлы, жауапты мүшелері. Солардың өзі партияның атынан жергілікті жердегі облыс әкімшіліктеріне, мәслихаттарға, ауыл шаруашылығы басқармаларына халықтың, ауыл тұрғындарының негізгі ой-пікірлерін, қиындықтарын, ұсыныстарын, талап-тілектерін жеткізуші үлкен күшке айналып отыр. Бұл аудандық, облыстық деңгейдегі жағдай ғана. Егер партия парламенттік деңгейдегі партияға айналатын болса, онда мүмкіндік көбейеді ғой деп ойлаймыз.
Мүмкін осыдан бірнеше жыл бұрын біздің партияны сайлау мен сайлаудың арасында ұйықтап, саяси науқанда ғана оянатын партия деп әңгіме айтатын кез болған шығар. Бірақ мен қазір, соңғы 4-5 жылдың көлеміндегі Ауыл партиясын "ұйықтап жатқан партия" деп ешкім айтпайтынына кепілдік бере аламын. Ауыл партиясы да оянды.
Ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерде ғана емес түрлі салада, руханиятқа қатысты, мәдениетке қатысты мәселелерде, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты әлеуметтік мәселелерде, барлығында шамамыз келгенше тиісті шараларымызды өткізіп, ықпалымызды білдіріп, үн қатып келеміз.
Ауыл партиясының әп-әдемі сайты бар. Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде өзіміздің ресми парақшаларымыз бар. Онда отбасылық құндылық туралы тұрақты түрде публикацияларымызды жүргізіп тұрамыз.
- Партияның атауы "Ауыл" туралы өте бір жақсы ұғым деп отырсыз. Біздегі саяси белсенді тұрғындар негізінен Алматы мен астана сияқты үлкен қалаларда тұрады. Белсенді электораттың көп бөлігін құрайтын да солар. Сіздердің құрамдағы қала тұрғындары қаншалық? Ауыл партиясының барлық мүшесі қанша? Әдетте партияның қаржылық қуаты мен саяси ықпалы мүшелерінің санына байланысты. Жалпы, Ауыл партиясы қалай қаржыландырылады?
- Біріншіден, Ауыл партиясының құрамында бүгін 298 мыңнан астам мүше бар. Егер мен біздің барлық мүшеміз керемет, партия жұмысына жан-тәнімен берілген, тұрақты табан тіреп, партияның идеясы үшін тұра алады деп айтсам, менікі дұрыс болмас. Партияның тарихы 15 жылға жақындап қалды. Олар сол 15 жылдың көлемінде партия құрамына өтіп, партиямен бірге келе жатқан азаматтар. Қазір біздің филиалдарымыз айналысып жатқан жұмыстың бірі партия мүшелерінің сапалық құрамына да қарау. Өз еркімен қосылған жаңадан қабылданған 42 000 мүшемен бірге партиядан шыққан, партиядан байланыс үзіп кеткен азаматтар да жоқ емес. Біз әр өңір мен филиалдарда сараптап, таразыға салып отырамыз.
Ауыл партиясының мүшелері ауылды жерлердің тұрғыны деген сөз жоқ. 14 облыс, қалалардың бәрінде біздің филиалымыз бар. Одан бөлек 180 ауданда біздің аудандық партия ұйымы бар және 500-ге жуық бастауыш партия ұйымы бар. Мүмкін басқа партияларда одан көп шығар, мен олардың статистикасын білмеймін. Бірақ біздің сол аудандарда Ауыл партиясының атынан белсенді жұмыс істеп жатқан өкілдеріміз бар. Әрине, оның бәріне біз қаржы төлемейміз. Қаржылық мүмкіндігіміз оған жетпейді, айлық жалақы төленбейді. Бірақ энтузязммен, өздерінің бастамасымен, инициативасымен жұмыс істеп жатқан азаматтар өте көп.
Біздің партиямыздың негізгі қаржылық қорының көзі, әрине, партия мүшелерінің жарнасы. Ол да проблемасы көптеу жұмыс. Жасыратын ештеңе жоқ. Партияның жарналық үлесі деген ең бірінші – тәртіп. Оны жинау, үйлестіру, адамдардың партияға көзқарасын анықтайтын нәрселердің бірі. Одан кейін түрлі аграрлық салада жұмыс істейтін компаниялар мен фирмалар да бізге жанашырлық жасап, жәрдемдесіп тұрады. Өзіміздің мүшелеріміздің, жеке адамдардың арасында да партияға жәрдемдесіп тұратын азаматтарымыз бар. Бүгінгі таңдағы біздің қаржылық жағдайымыз осы халықтың арасында өзіміздің танымалдылығымызды жоғалтып алмау үшін жұмыс істеуімізге жетеді. Әрине, болашақтағы үлкен саяси науқандарға қатысу үшін, болашақта алдымызға қойған мақсаттарымызды іске асыру үшін одан да көбірек қаражат, одан да көп жанашырлық танытатын азаматтар керек. Онымен де айналысып жатырмыз. Яғни бұл тоқтамай жүріп жататын процестің бірі. Себебі бәрі сол қаржыға байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда партия өзінің мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп отыр.
Қаржылық жағдайымыздың бір көрсеткіші соңғы 3 жылда өткен екі сайлауға да, 2016 жылғы Парламент Мәжілісі сайлауына партиялық тізім бекітіп, депутаттарымызды додаға, биылғы президент сайлауына да кандидатымызды қостық. Соған бізге көмектесетін, демеушілік жасайтын жанашыр азаматтар болды. Менің ойымша, біздің партияға жылдан жылға жанашырлық өсіп келеді. Біз оны сезіп отырмыз.
- Сөзіңіздің басында да айттыңыз, бізге жетпей жатқаны парламенттік басымдық, парламенттік партия емеспіз дедіңіз. Келе жатқан парламенттік сайлауда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, Парламентте көп креслоға отырсаңыздар, мемлекеттің саяси өмірінде жасағыларыңыз келетін өзгерістер мен реформалар қандай?
- Ең бірінші мәселе – ауылдарды сақтау. Ауылдарды сақтағанда әсіресе шекарада жатқан ауылдарды сақтау. Біз жиі көтеріп жүрміз, бұл популизм емес. Ол халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін ең үлкен қажетті мәселе. Бізге Ұлттық экономика министрлігіндегі, Қаржы министрлігіндегі мамандар оның бәрі шығыны өте көп, қаржыны мол талап ететін шаруа деп айтады. Жол салу керек, инфрақұрылым мәселесі, халықтың саны деген мәселелерді көлденең тартады. Бірақ оның да жолын табуға болады.
Екіншіден, шекара маңындағы ауылдардың мектептерін сақтап қалу үшін адамдарды сонда көшіріп апару керек. Ол үшін ондағы тұрғындарға өмір сүретін жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін жағдай болса, халық көшпейді. Керек болатын болса, көшіп барып тұрады. Осындай нәрсені атқарса деген біздің арманымыз бар. Ауылдарды сақтау.
Ауылдар жойылып барады. Жанымызға қатты батады.
- Бізде "Оңтүстіктен солтүстікке" деген бағдарлама бар. Сол сияқты мүмкін "Орталықтан шекараға" деген бағдарлама қабылдау керек шығар.
- Орталықтан шекараға дегенде астанадан, Алматыдан деген сияқты үлкен қалалардан ауылдарға көшу деген сияқты идея ғой сіздің айтып отырғаныңыз. Мүмкін ол да жүзеге асыруға болатын ұсыныс шығар. Бірақ шекарадағы ауылдарды сақтау үшін жасалу керек жұмыс өте көп. Оған ең бірінші тиісті заң қабылдау қажет. Тиісті нормативтік құжаттар бекітуіміз тиіс. Сәйкесінше қаражат керек. Осының бәрін шешу үшін біраз шаруаларды атқаруға тура келеді.
Қазіргі уақытта шекаралардың бойында 3000-ға жуық ауыл бар. Шетінен жабылып, қаңырап бос қалып жатыр, адамдар көшіп кетіп жатыр. Шекарада жатқан ауыл біздің жеріміздің тұтастығы – еліміздің тұтастығы. Сондықтан көңіл бөлетін ең маңызды мәселе шекара маңы ауылдарының тағдыры.
Жаңағы сіз айтқан оңтүстік өңірден солтүстікке еңбек миграциясын бағыттайтын бағдарлама жақсы бағдарлама. Еңбек ресурстарын сол жаққа қоныстандырып, жұмыспен қамту, жастарды апарып оқыту идеясы өте жақсы. Бастамасы да жаман емес. Бірақ оның да кемшін тұстары бар. Айтып жатырмыз. Мысалы, адамға ең бірінші баспана керек. Бүгінгі таңда сол бағдарламада баспананы жалға беру механизмі қаралған. Жалға беру дегеніңіз – уақытша деген сөз. Сол жаққа көшіп баратын адамдарға үй салып беру немесе үй сатып алып беру керек. Ол әрине, қосымша қаражатты талап етуі де мүмкін. Біз көп нәрсені айтып, ар жағындағы қаржылық салмағына үңілмейміз ғой. Дегенмен керек болатын болса, қаржыны да, инфрақұрылым ресурстарын да аямайтын бағыттар болады ғой деп ойлаймын. Соның бірі осы шекарадағы ауылдарды жандандыру.
- Өзіңіз айтып отырғандай, "Ауыл" партиясы негізінен ауыл халқының тұрмыс-тіршілігімен тікелей араласып, кем-кетігін орталыққа жеткізіп отыр. Өзіңіз білесіз, елімізде "Туған жер", "Ауыл – ел бесігі" деген бағдарламалар жүріп жатыр. Партия тікелей осы бағдарламалар бойынша нақты қандай мәселелер атқарып жатыр?
- Біздің партия мүшелерінің арасында бақуатты, кәсіппен айналысатын, руханият саласында жүрген азаматтар, ақындар бар. Мысал үшін Шығыс Қазақстан облысында осындай азаматтарымыз көшпелі насихат тобын құрып, бірнеше ауданды аралап шықты. Сол азаматтарымыз кейбір ауданда сол "Ауыл – ел бесігі" акциясын өткізуге мұрындық болды. Бір жерге барып жай халықпен кездесіп, ақын жазушылармыз ой-пікірлерін жеткізді. Бір жерде "Ауылым – алтын тұғырым" байқауында шығарған кітаптарымызды тараттық. Сондай-сондай нәрселер шама-шарқына қарай әр өңірде өтіп жатты. Ол бірінше мәселе.
Екінші мәселе, Елбасының және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған "Ауыл – ел бесігі" деген жаңа жоба іске асып келе жатыр. Биылдың өзінде 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Міне осы "Ауыл – ел бесігі" жобасына біз жоғарыда айтқан шекарадағы ауылдар мәселесін қосуды көтердік. "Ауыл – ел бесігі" жобасын қазір Ұлттық экономика министрлігінің пікірі бойынша ауылды дамытуға мұрындық болатын, зәкір болатын ірі ауылдарды алуымыз керек деген ой айтылып жатыр. Олар одан кейін айналасындағы ауылдарды өзімен бірге тартады, гүлдендіреді деген сияқты. Біз "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына қандай қиын болса да мүмкіндігінше шекара маңындағы ауылдарды қосу керек деп отырмыз.
Бір жерге барып мектеп салып бермесек те, бір жерге барып ауыл салмасақ та, осындай ауылға қатысты, ауылды гүлдендіруге байланысты, ауылды сақтап қалуға қатысты шаруалардың бәрінің ортасында біздің партия мүшелері жүр. Оны анық айта аламын.
Сөзбен демеушілік білдірсе де, іспен демеушілік білдірсе де, бастамашыл болса да жұмыс жүріп жатыр. Мысал үшін осындай жұмыстар Павлодар облысында, Алматы облысында жасалды. Ардагерлерді жастардың қамқорлығына алу мәселесі Шымкентте қолға алынып отыр. Айына бір рет барып, Соғыс ардагерлерінің, мүгедектердің, жәрдемшісі жоқ кісілердің үйіне қолғабыс ету, үйін тазалап көмектесу сияқты бастамалар жүзеге асты.
"Өз талыңды отырғыз" деген акцияны біз үш жылдан бері жүргізіп келеміз. Елбасы бір сөзінде "біздің 18 миллион халықтың әрқайсысы бір-бір тал отырғызса, жылына 18 миллион тал отырғызуға болады ғой" деген еді. Сол идея бізге ұнады да қазір әр адам, әр отбасының мүшесі, "Ауыл" партиясының әрбір өкілі бір-бір тал отырғызайықшы деген бастамамен 3 жылдан бері жүзеге асырып келеміз.
Жоғарыдағы "Ауылым – алтын тұғырым" деген байқау туралы қысқаша айтып кетейін, біз үш жылдан бері жас ақындар мен жазушылардың арасында поэзия, проза, драматургия жанры бойынша "Ауылым – алтын тұғырым" деген тақырыпта онлайн электрондық конкурс өткізіп келеміз. Оған жылына 200-ден астам ақын-жазушы қатысады. Бәрінің тақырыбы – ауыл. Ондағы шығармаларды оқысаңыз, әсіресе біздің өзіңіз қатарлы жастардың арасында ауылға деген қаншалықты сүйіспеншілік жатқанын, қызығушылық барын байқайсыз.
Көптеген өлеңнен ауылдың иісі шығып тұрады. Сол өлеңдерді оқып ауылға назар ауады. Ауыл туралы пейілің өзгеріп, ниет артатын шығарамалар жеткілікті. Өте бір жақсы бастама. Үш жыл өткен байқауда үш жанр үш томнан 9 томдық кітап шығардық. Осы кітаптарды ауылдар, аудан орталығы, облыстардағы кітапханаларға таратамыз. Бұл да бір ауылға қосып отырған үлесіміз деп есептейміз. Жаңағы кітаптарды оқып отырған жастар болсын, үлкен кісі болса да ауылға деген пейілі артпаса кемімейді. Негізгі мақсатымыз да сол.
- Өздеріңіздің қатарлас партияларыңызбен бәсекеге түсесіздер ме? Ақ жолмен, Коммунистік партиямен бәсекелесесіздер ме? Іштей болса да.
- Бәсекелесеміз. Себебі біздің ең негізгі мақсатымыз электоратты өзімізге тарту. Біздің ауыл тұрғындары деп қатып қалған жайымыз жоқ. Қала тұрғындарының арасынан да, кәсіпкерлердің арасынан да, жалпы ардагерлердің арасынан да ауыл партиясына өтеміз, ауыл партиясының бағдарламасы бізге ұнайды, ауыл тақырыбы бізге қызықты, сіздермен бірге боламыз дейтіндер болатын болса, оларды тек қана қолдаймыз. Өзімізге қабылдаймыз, олармен жұмыс істеуге әр уақытта да дайынбыз. Сондықтан біз басқа партиялармен әрқашан бәсекелестікте жүреміз деп айта аламыз, саяси өмірдің талабы солай.
Екіншіден, сіздің сұрағыңыздың артында "солармен сіздер бәсекелесе аласыздар ма?" деген тағы бір сұрақ жатқан сияқты. Оған да бәсекелесе аламыз деп жауап бере аламын. Қазір халықтың арасында да, соның ішінде әртүрлі категориядағы азаматтардың арасында да Ауыл партиясын ұнататындар, ауыл партиясына жаны ашитындар, осы партияның қатарында болғымыз келеді дейтіндер өте көп.
- Қазір Қазақстанда жас саяси белсенділер көп шығып келеді. Қазір урбандалу деген бар. Адамдар жұмыс іздеп қалаға ұмтылады. Егер керісінше жағдай орын алса, Ауыл партиясы атауы "Қала" деп өзгеруі мүмкін бе? Сіздердің партияңыздың саяси идеологиясы урбанистік бағыт болуы мүмкін бе?
- Біз осының алдында президенттік сайлауға қатысты өткізген кезектен тыс съезде мен баяндамамда "урбанизация мәселесіне қолдау білдіре бермейтініміз" туралы айттым. Ол әрине, табиғи құбылыс. Алайда Америкамен де, Еуропамен де біздің Қазақстанды салыстыруға болмайды. Біздің Қазақстанның елді мекендерінің, қала мен ауылдың арасындағы ара қашықтығы өте үлкен. Еуропаның бір мемлекетінің территориясы біздің бір облыстың жартысына да келмеуі мүмкін. Олардың қаласы мен ауылының арасын 20-30 шақырым.
Майндағы Франкфурт қаласында 6 миллиондай адам еңбек етеді, бірақ оның 800 мыңы ғана қала тұрғыны. Біздің территориялық жағдайымызға байланысты ондай жағдайға бара алмаймыз. Біз үшін ауыл ұлттық қауіпсіздіктің, мемлекеттік тілдің, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, рухани қазынамыздың, азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Ертең барлық тұрғын қалаға көшіп кетсе, малды кім бағады, егінді кім егеді? Қазақ халқының менталитеті сол, біз ауылда туып, ауылда өскен адамбыз. Тарихтан қарасақ, бабаларымыз ат үстінде жүріп осынша жерді алды, бізді асырады, бақты. Қазір әркім баласының жақсы болғанын ойлап, қалаға жібергісі келеді. Бірақ қалалардың да өзінің мүмкіндігі шектеулі болады. Яғни осының өзін мемлекет тарапынан реттеп отырмаса болмайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіп отырған саясатының маған ең көп ұнайтыны ауылға көбірек көңіл бөліп жатқаны. Ауылдың инфрақұрылымына, жол, байланыс, газ, мектептер сияқты әлеуметтік салаға көп қаражат бөліне бастады. Ауылға халықты қайта көшірудің амалы ғой деп есептеймін.
- Бәсеке туралы сөз еттік. Кейбір партиялардың өз медиа ресурстары, ақпараттық мінберлері бар. Nur Otan партиясының Nur Media компаниясы арқылы басқаратын телеканалдары мен бірнеше газеті, "Ақ жол" партиясының "Қазақ үні" порталы сияқты. Сіздердің саяси мінберлеріңіз бар ма? Жоқ болса, құру ойда бар ма?
- Жақсы сұрақ. Бізде қазір "Ауыл" деген газет ашайық деп ұсыныс айтып жүргендер бар. Телеарналармен келісіп, қаржысын төлеп, ауыл тақырыбына арналған бағдарламалар, партия жұмысы туралы хабарлар ашу туралы ұсыныстар бар. Оның бәрі әрине, қаражатқа байланысты. Қажет болған жағдайда, мүмкіндігіне қарай, ретіне қарай шешеміз.
Бүгінгі таңдағы біздің ең негізгі ресурстарымыз әлеуметтік желілер. Біздің қоғаммен, елмен байланысымыз өте тығыз. Оны қадағалап отырған азаматтарымыз бар. Біздің парақшамызды қазіргі уақытта көп адам көреді. Одан кейін партияның сайты. Оған өте қатаң талап қоямыз. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде сайт жұмысы тоқтаған емес. Ақпараттың бәрі біздің өмірімізді, қызметімізді қамтиды. Қазір жастардың бәрі осы бағытта жұмыс істеп жатыр ғой.