Әли Бектаев: Елең еткізетін жаңалық болды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы туралы Facebook әлеуметтік желісінде пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылғы Ұлттық Құрылтай қасиетті Атырауда өтті. Халық пен биліктің арасында көпір бола білген Құрылтай шынында да елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптейтін, соған қызмет жасайтын нағыз шынайы платформаға айналды. Ауқымды және мағыналы жиынның алдында әр бағытта бірнеше секциялық отырыстар өткізіліп, Құрылтай мүшелерінің түрлі тақырыптардағы пікірлері тыңдалды. Адамның құқықтарын қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтарға тосқауыл қою, маслихаттардың рөлін арттыру, жергілікті қоғамдық кеңестерді нағыз халықтың өкілді органдарына айналдыру туралы нақты пікірлер айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Құрылтайда көпшілік күткендей еліміздің болашағы, Тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолында жасалынуы тиіс біршама бастамаларды тілге тиек етті, - деді ол.
Ол дінімізге, тілімізге қатысты біраз мәселелер ашық айтылғанын атап өтті.
Ата-бабаларымыздың тарихымен бірге жалғасып келе жатқан дінімізден айнымай масхабымыздың мақсатын бұзбай, ұлттық нақыштарымызға лайық киім үлгісінен таймай Ислам дінінің талаптарына берік болуға болатындығын жеткізді. Шындығында да әр адамның иманы жүрегі мен тілегінде. Сонымен бірге, мыңдаған жылдар бойы халқымыздың дәстүрімен бірге жасап келе жатқан Сунниттік Ханафи масһабын ұстануымыздан таймау керектігін айтқан Президент сопылық іліммен бірге қазіргі қазақ еліне Исламды таратып, орнықтырған Яасауи бабамыздың рухани құндылықтарын дәріптеудің тарихи мәні зор екендігін, оның кесенесіне әлемге әйгілі жәдігер ретінде ерекше көңіл бөлу керектігін, тіпті жатқан жеріндегі көк тастың жабуын Ислам өркениетіне лайық етіп, қайта жасап шығу туралы тапсырмасы елді елең еткізетін жаңалық болды деп есептейміз, - деді Бектаев.
Бектаев қазақ тілі қазіргі заманға лайық экономика, өндіріс, техника мен технология тіліне айналуға барынша мүмкіндігі бар екендігін Президент анық айтқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамаларының арасынан біздің халқымыз үшін, әсіресе жастарымыз үшін бес жаман әдеттен құтылып, алты құндылыққа ұмтылу қажеттігі туралы айтқан бағдарламалық сөздерін ерекше атап өткім келеді. Үкімет пен үкіметтік органдарға өздерінің жұмыстарын да, мемлекеттік бағдарламаларды да осыған сәйкестендіру туралы тапсырмалар да бергенін атап өткім келеді, - деді депутат.
5 жаман әдеттер:
Нашақорлық,
Лудомания,
Тұрмыстық зорлық-зомбылық,
Вандализм,
Ысырапшылдық.
6 ұлттық құндылықтар:
Тәуелсіздік пен отаншылдық,
Бірлік пен ынтымақ,
Әділдік пен жауапкершілік,
Заң және тәртіп,
Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік,
Жасампаздық пен жаңашылдық.
Осы айтылған қағидалардың барлығы Президентіміздің өзі айтып жүрген адал адам формуласының принцптеріне толық сәйкес келеді, әділетті Қазақстан құрудың негізін қалайтыны анық, - деді ол.