Алғыс айту күні: шығу тарихы мен маңызы қандай?

Бүгін – Алғыс айту күні. Айтулы мерекенің шығу тарихы мен бүгінгі маңызы турасында біз де зерттеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мереке – Алғыс айту күні. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев мереке ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптелетін, қиын-қыстау замандарда мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртатынын айтады.

Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!, - деп барша Қазақстандыққа сенім білдірген еді.

2016 жылдан бері елімізде тойланатын бұл мерекені биыл қазақстандықтар сегізінші жыл қатарынан тойлап келеді. Ендеше мерекенің алғаш шығу тарихына тоқталсақ.

Алғыс айту күнінің шығу тарихы қандай?

Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінде үлкен мән бар. Оған себеп ата-бабамыз бастан кешірген, ауыр нәубет жылдары.

Тарих беттерін ақтарсақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес үкіметі көптеген халықты күштеп көшіруге шешім қабылдады. Одан соң корей диаспорасын да айдауға салып, біздің елімізге басқа да ұлт өкілдерін жер аударып отырды. 1946 жылы Кеңес одағында жер аударылғандардың саны -2,5 миллионға жеткен. Ал ішінде біздің елге қоныс аударғандар саны 1 миллион 200 мың адам. Кейін өзге ұлт өкілдеріне өз отандарына қайтуға рұқсат беріледі. Дегенмен көбі қазақ жерінде қалып қойды. Содан бері Қазақстан үшін еңбек етіп келеді.

2015 жылдың 22 сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеуді ұсынған болатын.

Оларды пойыз вагондарынан жапан далаға түсіріп кетті. Ол кездері мұнда тек қазақтар өмір сүрді. Сондықтан олар қабыл алып, көмек көрсетті. Қиын уақыттарды бастан өткеріп жүрген қазақ отбасылары балшық үйлеріне кіргізіп, қабылдады. Біздің жанұямыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыны қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі халықтарды туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өткен дұрыс болар еді. Бұл бізді одан әрі жақындастырар еді. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірім, достастық және махаббат таныту мерекесі бола алады, - деген еді ол.

obvk.kz

Міне, содан бері тура 8 жыл уақыт болды, 1 наурыз – Алғыс айту күні болып тойланып келеді. Қазақстандықтар бұл мерекені көктеммен қатар келген шуақты мереке деп те атайды.

Мерекенің қазіргі ауқымы қандай?

"Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы" Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай мырза мерекенің маңызы туралы былай дейді:

Алғыс айту күнінің маңызы – әртүрлі ұлт өкілдерін бір-біріне жақындастырып, бір ата, бір ананың баласындай ынтымақта болуға ықпал етуінде. Дәл осы күні Қазақстанда 130 ұлт болса, соның бәрі қазақ халқына алғыстарын айтады. Қазір бұл мерекені тойлау ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Біздің ұйғыр республикалық мәдени орталығының да мақсаты сол – Қазақстанның тыныштығы мен бірлігіне үлес қосу, - деді ол.

 @dolkuntai_abdulhalil) • Instagram

Иә, алғыс айту күнінің негізгі мақсаты - әу баста сол өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан халқына алғыс айтатын күні болғанымен, бүгінде оны барлық адамның бір-біріне алғысын білдіретін бауырмалдық мерекесі ретінде тойлау әдетке айналған. Бірі дүниеге әкелген ата-анасына, енді бірі жақындары мен бауырларына ризашылығын білдіріп жатады.

Осы күні ғаламторда да мерекемен құттықтап, алғыс айтқан жазбалар мен бейнероликтер көбейеді. Мейлі. Бірақ ата-ана мен бауырлар дәл сол күні емес, 365 күннің әр күнінде алғыс алуға лайық емес пе деп ойлаймыз кейде... Не дегенмен осындай күні жақындарына жылы лебіз білдіріп, ішкі жан-дүниесімен бөліскендерін көріп, бір мейіріммен қоршалған әлемнен бір-ақ шығамыз.

Бұл мерекені әлем қалай атап өтеді?

Алғыс айту күнін америкалықтар 1620 жылдан бастап тойлатады. Олар бұл күнді Жаңа жылдан кем тойламайды. Бұл мейрамды олар дәстүрлі отбасы күні деп тойлап, дастархан басында бас қосып өткізеді.

Ал Израильде Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру ретінде Астық ору мерекесі бар. Олар осы мереке қарсаңында күзде мол астық алып, халыққа қамқорлық танытқаны үшін жаратушыға ризашылық білдіреді. 

Канадада тура осылай қазанның екінші дүйсенбісінде тойлатады.

Фото: travelcalendar.ru

Беларусь халқы болса, бұл мерекені егін жинау мейрамы деп қабылдап, оған арнайы қаражат бөліп, республика көлемінде атап өткен.

Қарап отырсаңыз, аталмыш мереке әлемнің бірнеше елінде осылай тойланады. Байқағанымыздай, мақсаты да бір – жақсылыққа алғыс білдіру. Сондықтан айтулы мерекеде жылына бір жақындарымызға, елімізге, халқымызға алғыс айту әбестік болмас деп ойлаймын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы