Алғыс айту күні Алматы облысында жаңаша форматта өтеді
Алғыс айту күні Алматы облысында жаңаша форматта кеңінен аталып өтпек. Атаулы датаны мерекелеу 20 ақпаннан бастау алып, 1 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан жоспарланып отырған іс-шаралар жайында айтты.
Мерекелік онкүндік 20 ақпанда «Алғыс айту күнінің басты идеясы не?» тақырыбында эссе жазудан мектеп оқушылары арасындағы облыстық байқаудан басталады. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайыстың мақсаты – жастар арасында атаулы күннің мән-маңызын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпаққа мерекенің идеологиялық құндылығын жете жеткізу, – деді Жандар Асан.
Ал «Almaty region PUBLIC LECTURE» атты циклды дәрістер сериясының басты мақсаты – өскелең ұрпақты мейірімді болуға, адами қасиеттерді сақтауға, ұлтжандылыққа үндеу. Іс-шара аясында белгілі тұлғалар, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бірлік, қоғамдық келісім, қазақстандық патриотизм тақырыптары шеңберінде өңір жастарымен тағылымды ойларымен бөліспек.
Мерекелік іс-шаралар шеңберінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы да өтпек.
Ал «Бүгінгі күннің батырлары» жобасының басты мақсаты – түрлі салаларда адал еңбек етіп жүрген азаматтарды жан-жақты дәріптеу.
Алғыс айту мерекелік он күндігі аясындағы негізгі іс-шаралар 1-наурызда облыс орталығы – Қонаев қаласында ұйымдастырылады. «Рақмет саған, Qazaqstan!» жалпы атауымен өтетін іс-шаралар «Бір ұлт. Бір мақсат. Бір құндылық» этностардың мәдениет көрмесімен ашылады. Толеранттылықтың айқын көрінісі ретінде айшықталатын этностардың мәдениет көрмесі шеңберінде өңірдегі 10 этномәдени бірлестік өздерінің ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынбақ, – деді спикер.
Мерекелік іс-шаралар аясында «The Spirit of Ethnos» атауымен мәдени фестивалі да ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар өңірдің өркендеуі жолындағы қажырлы қызметі мен ұлтаралық татулықты дәріптеуге сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін бірқатар азаматтар Алматы облысы әкімінің «Алғысымен» марапатталады.
Мерекенің жаңа жалпыхалықтық және көпшілікке жақын форматын танымал етуге қоғамдық пікір көшбасшылары мен зиялы қауым, әсіресе шығармашылық сала майталмандарын тартуға маңыз беріледі, – деп атап өтті Жандар Асан.