Бүгін — Алғыс айту күні
Астана, BAQ.KZ. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекені Қазақстан халқы алғаш рет 2016 жылы атап өтті.
2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялаған болатын. Дәл осы күні "Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы" Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан халқы алғаш рет 2016 жылдың 1 наурызында ерекше мерекеті атап өтуді бастап кетті.
Ал, Алғыс айту күнін мереке қылу идеясын Мемлекет басшысы 2015 жылдың сәуірінде ұсынды. Бұл күн - елімізде тұратын түрлі этнос өкілі қазақ халқына ерекше ризашылығын білдіріп, қиын заманда құшақ жая қарсы алғанына, жатсынбай бауырына басып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанына алғыс айтатын күні.
"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген болатын Елбасы 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр” тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында.
Алғыс айту күні - бірлік пен татулық мерекесі, қилы тарихты басынан кешірген Қазақстан халқының бір-біріне деген ілтипатын білдіретін күн, бауырмалдық пен сыйластық күні.
Бұл күні еліміздегі мектеп оқушылары сыныптастарына, ұстаздарына, балалар ата-аналарына, жақын достар бір-біріне ыстық ықыласын білдіреді.