7 Қазан 2026, 10:31 Фото: Ақорда

Алгоритмдердің мүмкіндігі кеңейген сайын адамның жауапкершілігі артады – Ерлан Қарин

Технологиялық даму адамзаттың моральдық жауапкершілігінен озып кетпеуге тиіс. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, съезі Хатшылығының Төрағасы Ерлан Қарин жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерлан Қарин жасанды интеллектінің діни салада да пайдалы құрал бола алатынын айтты. Атап айтқанда, ол рухани мұраны сақтауға, мәтіндерді аударуға және білімге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Алайда технологияның әлеуетімен бірге оны қолдануға байланысты жауапкершілік те артады.

Қазақстан Президенті Тоқаев орынды атап өткендей, жасанды интеллект адам ақыл-ойына еліктей алады, бірақ оның эмпатиясы жоқ. Сондықтан алгоритмдердің мүмкіндігі кеңейген сайын адамның жауапкершілігі де арта түседі, – деді. 

Осы ретте Вице-Президент діни мәтіндерді бұрмалауға, рухани көшбасшылардың атынан цифрлық жалған материалдар жасауға, алгоритмдік кемсітушілікке және адамдардың сенімін манипуляциялауға қарсы тұру қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, VIII Съезде Қазақстан Президенті жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынған. Сондай-ақ жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеу бастамасын көтерген.

Қазақстан Президенті жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды және жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын - адам қадір-қасиетін құрметтеуге, кемсітушілікке жол бермеуге және тағдыршешті маңызы бар шешімдерге адамның бақылауын сақтауға негізделген, алгоритмдерге арналған өзіндік өсиеттерді әзірлеуді ұсынды, – деді Вице-Президент.

Ерлан Қарин Этикалық кодекстің осы бастаманың практикалық жалғасы екенін жеткізді.