Алғашқы жұмыс орны: Жоба аясында 10 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасты

2023 жылы 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша 9 970 адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, жобаға қатысушылардың 61,6 %-ы (6144 адам) әйелдер. 

Осы бағыт бойынша 2023 жылы жалпы 10 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2 130 адам), Алматы (589 адам), Жамбыл (574 адам) облыстарында және Шымкент қаласында (1 852 адам) байқалады.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Жобаға жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды үнемі аударатын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды, бұл кезең азаматтың еңбек өтіліне есептеледі.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасын қаржыландыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады және жобаға қатысушыларға жалақы төлеуді қамтиды.

Жобаға қатысушының жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып, айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (2023 жылы – 103 500 теңге, ал 2024 жылы – 110 760 теңге).

"Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

Қатысушылар жобаның оң нәтижелерімен бөлісуде.

2022 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінген едім, онда маған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу ұсынылды. Барлық қажетті құжаттарды жинағаннан кейін «BOLASHAK KIDS» ЖШС балабақшасына медбике болып жұмысқа орналастым. Бағдарлама аяқталғаннан кейін, 2024 жылдың қаңтарында өз мамандығым бойынша осы мекемеге тұрақты жұмыс орнына ресми түрде орналастырылдым, – деп бөлісті Тараз қаласының тұрғыны Бағлан Қуанышбай.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 884 адам жұмысқа орналастырылды. Биыл жалпы 8 731 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы