Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне қойылатын талаптар күшейтілмек

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Мәжілісте өткен отырыста “Алғашқы әскери дайындық” пәні мұғалімдерін даярлау және олардың жұмысын реттеу бойынша жаңа талаптар енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының әскери кафедраларына қатысты бірқатар талап бекітілген.

Жаңа тәртіпке сәйкес, білім беру ұйымдарына “Алғашқы әскери дайындық” пәнінің мұғалімі ретінде тек әскери қызмет өтілі бар азаматтар ғана қабылданады.

Қорғаныс министрлігі педагогикалық қайта даярлау бойынша арнайы білім беру бағдарламасын бекітті. Бағдарлама төрт негізгі құзыреттілікті дамытуға бағытталған модульдерден тұрады:

  • құқықтық,
  • коммуникативтік және инклюзивтік,
  • әдістемелік және тәрбиелік,
  • цифрлық құзыреттілік, АКТ, цифрлық гигиена және ақпараттық қауіпсіздік.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жоғары оқу орындары осы бекітілген құжатты ескере отырып, “Алғашқы әскери дайындық” пәні мұғалімдерін даярлайтын білім бағдарламаларына өзгерістер енгізіп жатыр.

Қазіргі кезде “Бастапқы әскери дайындық” білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды 23 жоғары оқу орны даярлайды. Бұл бағытта оқып жатқан студенттер саны – 432 адам. 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 135 орынды құрайды: оның 129-ы – бакалавриат, 3-еуі – магистратура, 3-еуі – докторантура деңгейіне бөлінген.

Министрлік жаңа талаптардың бәрі заңнамаға толық сәйкестендірілетінін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы