"Алғашқы әшекейді әкесі сыйлаған": Қазақ қыздары қандай зергерлік бұйымдар таққан?

Астанадағы Ұлттық музейде мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың коллекциясынан Зергерлік өнер көрмесі 7 сәуірге дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық музей қорында Иманғали Тасмағамбетовтың коллекциясынан 1400-ге тарта жәдігер болса, оның 1200-ге жуығы зергерлік өнер туындылары екен. Зергерлік өнер көрмесі аясында аталған коллекциядан 300-ге жуық экспонат қойылған.

Қазақ қыздары әшекей бұйымдарды 3-4 жастан бастап таға бастаған. Ол көлемі кішкентай сырғалар болатын. Ал бес жаста білезік пен кішкентай тұмарша таққан. Алғашқы әшекейді қызына әкесі сыйлайтын. Зергерлік бұйымдар жиынтығына қарап әйелдің жасы мен әлеуметтік статусын анықтауға болатын, - деді көрме кураторы Тоғжан Әділбекова.

Көрме кураторы шолпы туралы да ақпаратпен бөлісті.

Шолпы салмағы 1,5 келіден 3 келіге дейін жететін. Ол қыздардың басы мен дене қалпын тік ұстауға көмектесетін. Әр қыздың шолпысының өз дыбысы болатын. Оған қарап анасы қызының, күйеужігіт қалыңдығының келе жатқанын білетін. Сондай-ақ шолпының дыбысына қарап қыздың мінезі қандай екенін де топшылайтын, - деді ол.

Тоғжан Әділбекова сондай-ақ өңіржиек әшекейін қазақ қыздары 12-13 жастан 30 жасқа дейінгі аралықта ғана таққанын айтты. 30 жастан асқан әйелге өңіржиек сияқты әшекейді тағу жараспайды деп саналған.

Әрбір әйел кем дегенде 3-4 күміс жүзік тағуы қажет болған. Егер үйге келген ақсақал әйелдің қолында күміс жүзіктер жоқ екенін байқаса, дәм алудан бас тартатын болған. Себебі, әйелдің қолында күміс әшекей болмаса, оның қолынан шыққан ас та таза болмайды деп есептелген, - деді көрме кураторы.

Әділбекова екі саусаққа тағылатын құдағи жүзіктің қай кезде тағылатынын да айтты.

Қызын күйеуге берген соң белгілі уақыттан кейін анасы жігіттің үйіне келетін болған. Егер ол қызына барған жерінде сыйластықпен, жақсы қарайтынын көрсе, алғыс ретінде құдағиына құдағи жүзікті сыйға тартқан, - деді ол.

Жалпы көрмеге мойынға тағатын әшекейлер, самай әшекейлері, сырғалар, білезіктер, жүзіктер, бұрым әшекейлері, гигиеналық жиынтықтар, түймеліктер, тастармен және түйіршіктермен безендірілген хош иісті майларға арналған амфоралар, күміс әмиян, қобдишалар мен тарақ, белдіктер сияқты бұйымдар қойылған.

Айта кетейік, әуел баста әшекей бұйымдарын И.Тасмағамбетовтың әжесі жинай бастаған. Кейіннен ол немересін кішкентай кезінен зергерлік өнерге баулыған. Осылайша зергерлік бұйымдарды жинау Иманғали Нұрғалиұлының сүйікті істерінің біріне айналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы