Алғашқы көмек көрсету дағдыларын игерсек, көптеген адамның өмірін құтқаруға болады – мамандар

Астана, BAQ.KZ. Азаматтардың өмірін құтқару дағдыларын тек медиктер ғана емес, сонымен қатар басқа да адамдардың білуі өте қажет, өйткені дереу көрсетілген алғашқы көмек инфарктан, жарақаттардан соң, жазатайым және жол-көлік оқиғаларынан кейін өлім мен мүгедектікті 2-4 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Мамандар осыған қатысты тәжірибе және кеңестерімен бөлісті.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов жүрек тоқтаған кезде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету туралы айтты. Ол көптеген елдерде тек медицина қызметкерлері, парамедиктер ғана емес, төтенше жағдай, полиция қызметтері, педагогтар, күзетшілер, көлік жүргізушілері азаматтардың өмірін құтқару дағдыларын меңгерген.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі медициналық білімі жоқ адамдарды (парамедиктерді) дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша даярлау ережесін бекітті. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша даярлыққа жататын адамдардың құрамына: автокөлік жүргізушілері, ішкі істер органдарының, қауіпті өндірістік объектілердің, өртке қарсы және төтенше жағдайлар қызметтерінің, сондай-ақ медициналық білімі жоқ денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері кіреді.

Бүгінде барлық өңірлердегі оқу-клиникалық орталықтары шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі кәсіби көмек көрсету бойынша қарапайым дағдыларға үйретуде. Курс аяқталғаннан кейін осы курстан өткенін куәландыратын құжат беріледі.

Біздің елімізде жолсеріктердің, жол полициясының және т.б.адам өмірін құтқарғандығы жайында көптеген мысалдарды келтіруге болады. Мысалы, таяуда ғана Таразға жақын жерде поезда дүниеге сәби келді. Медиктер босануға таяп қалған әйелді қанының ұюы нашар болғандықтан Шымкенттен Алматыға босандыруға жіберген. Жолға шыққаннан кейін 4 сағат өткен соң толғағы келген әйелді бірге ілесіп шыққан ауыл акушері ешқандай да қиындықсыз, тез босандырып алды. Оған пойыз бастығы мен жолсерік барынша көмектескен. Қазір ананың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Жүрек тоқтаған кезде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету

Мамандандырылған медициналық білімі жоқ адам анықтай алатын жүрек тоқтауының белгілері – тыныс алу мен тамыр соғуының болмауы, ес-түссіз күйде болу.

Жерде немесе еденде жатқан осындай адам кездескен жағдайда, алдымен оған дауыстап: «Сізде барлығы жақсы ма? Сіз мені естисіз бе?» деп, сұрау керек. Сұрақтарыңызға жауап бермеген жағдайда оған қатты дауыстап сөйлей отырып, иығынан сілкіп оның есін жиғызуға тырысу керек.

Еш уақытта шапалақпен тартып жібермеңіз, өйткені бұның жағымсыз зардабы болуы мүмкін: егер ол төбелес кезінде есінен танып қалса, зардап шегуші жақтан алған соққы болады, ал сіз бұны көрген жоқсыз. Сіздің шапалақпен салып қалуыңыз түрлі себептерге байланысты (соққының күші, зардап шегушінің организмінің физиологиялық ерекшеліктері және т. б.) зардап шегушінің бетінің жұмсақ тіндерінің жараққатануына себеп болуы мүмкін. Зардап шегушінің мойнының астына тығыз бір материал бөлігін (бүктелген куртка, көйлек және т.с.с.) қойыңыз.

Қандай реанимациялық іс-шараларды жүргізу қажет?

Ең алдымен, сізге ештеңе қауіп төндірмейтініне көз жеткізу керек, яғни өзіңізді жарақаттауы мүмкін қауіп-қатер факторларының жоқ екендігіне көз жеткізіп алу қажет.

Зардап шегушіге таза ауамен демалуына мүмкіндік жасаңыз, жұрт көп жиналып қалса, олардың тарауын сұраңыз.

Жүректің тоқтап қалу белгілерінің бар екендігіне көз жеткізіңіз.

Егер қасыңызда адамдар болса, жедел жәрдемге қоңырау шалуды сұраңыз.

Зардап шегушінің кеудесіне тікелей қол жеткізуді қамтамасыз етіңіз: жейдесінің түймесін ағытыңыз, футболкасын, сыртқы киімін және т. б. шешіңіз.

Жүрекке тікелей емес массаж жасау үшін зардап шегушінің оң жағына қарай тұрыңыз. Құрсақ өрімінен жоғары қарай (иекке қарай) екі саусақтың арасын өлшеңіз. Оң алақаныңызды төссүйектің үстіне, ал сол алақаныңызды оң алақаныңыздың үстіне қойып, қолыңызды денеге перпендикуляр күйде біріктіріңіз. Оң алақанның ортасымен көкірек қуысын 3,5-5 см тереңдікте, минутына 100-120 соққы қарқындылықпен басыңыз. Басуды қолмен емес, бүкіл денемен жасауды есте сақтау керек, өйткені қол тез шаршап қалады. Бұл кезде басуды зардап шегушінің көкірек қуысы, қабырғасы және бұғанасы сынып кетпейтіндей жасау керек.

Әрбір 30 соққы сайын жасанды тыныс беру керек. Бұл үшін зардап шегушінің аузына майлық, орамал немесе қандай да бір мата қою керек, ол өзіңізді және зардап шегушіні тыныс алу жолдарының инфекцияларынан қорғау үшін қажет.

Зардап шегушінің мұрын тыныс жолдарын сол қолдың сұқ саусағымен және бас бармағымен басыңыз. Оң қолыңызбен оның төменгі иегін ауыз тыныс жолдарын ашу үшін көкірегіне қарай тартыңыз. Сөйтіп жасанды тыныс – 2 рет дем беріңіз.

Реанимациялық іс-шараларды жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін немесе зардап шегуші өзіне келгенге дейін жалғастырыңыз.

Жүрек тоқтаған кезде ең қауіпті нәрсе – миға оттегінің жетіспейтіндігін есте сақтаңыз. Бұған жол бермеу үшін, көрсетілген шараларды жасау қажет.

Адам өмірін сақтап қалу үшін барлығын жасау – біздің қолымызда.

Шұғыл жағдайда алғашқы көмек көрсету дағдыларын игере отырып, әрқайсымыз ауруды жеңілдетіп, жарақаттың немесе кенеттен ауырудың нәтижесінде болуы мүмкін асқынуларды қысқарта аламыз. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін медициналық көмекті дер кезінде және дұрыс көрсете білу одан кейінгі емдеу тиімділігін арттыруға және шұғыл жағдай кезінде зардап шегушінің өмір сүруін ұлғайтуға көмектеседі.

«Астана» оқу-клиникалық орталығы бас директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Мадина Абдрахманова кенеттен қайтыс болудың себебі – жүректің тоқтауы екенін айтты.

Жүректің тоқтап қалуының 80%-ы аурухана мекемелерінен тыс жерлерде болады. Демек, оқиға орнында болған адамдар бұл жағдайда тиімді түрде жылдам әрекет ете білуі тиіс, бұл көптеген өмір мен тағдырларды құтқаруға көмектеседі. Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек, медициналық көмекті күтпей көрсетілсе, адамның өмірін сақтап қалуда үлкен рөл атқарады.

Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетудің қарапайым қағидаларын білмейді. Адам өмірін құтқару үшін, ең алдымен, кез келген, тіпті қиын жағдайда өзін-өзі ұстауы қажет. Бұл дұрыс шешім қабылдауға және зардап шегушіге ойластырылған, жылдам әрекет жасауға көмектеседі.

Біздің арамызда шешім қабылдай алатын және өзінің және жақындарының өмірі үшін, жанындағы және көмекке мұқтаж адамдардың денсаулығы үшін жауапкершілікті өзіне алатын адамдар бар екендігі қуантады.

Жедел көмек көрсету машықтарын әрбір адам үйрене алады және үйренуі тиіс.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы