Алғаш рет мәжбүрлі неке бойынша істер қозғалды – жәбірленушілердің екеуі кәмелетке толмаған
Қазақстанда алғаш рет неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Енді әйелді немесе кәмелетке толмағанды еркінен тыс некеге итермелеген адам айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойған «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі Заң әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Осы заң аясында неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Тиісті норма Қылмыстық кодекстің 125-1-бабымен бекітілді.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, енді әйел адамды ұрлап, күш қолдану қаупімен, мүлкін жою немесе бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрлегендерге 2000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейін бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.
Ал егер мұндай әрекет ауыр зардаптарға әкелсе, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы істер Шымкент қаласында, сондай-ақ Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелген, - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Айта кетерлігі, екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмаған қыздар болған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жалғасуда және прокуратура органдарының бақылауында тұр.
Бас прокуратура мәліметінше, бұл норма әйелдердің және кәмелетке толмағандардың еркін таңдау құқығын қорғауға, сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Бұған дейін 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген сталкинг үшін де елімізде екі қылмыстық іс қолғалғанын жаздық. Ол үшін нақты қандай жаза қарастырылғанын мына жерден оқи аласыздар.