Алғаш рет елімізде бар медициналық жабдықтарға ауқымды түгендеу жүргізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биыл Денсаулық сақтау министлігіне елімізде бар медициналық жабдықтарды түгендеу жүргізуді тапсырған.
Алғаш рет ауқымды түгендеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылу деңгейі - 83%-ды, медициналық техниканың тозуы - 49%-ды құрайды. Түгендеу шеңберінде медициналық техниканы басқарудың ақпараттық жүйесі түрлендірілген, - деп атап өтті Жандос Бүркітбаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық жабдықтармен жарақтандырудың интерактивті картасы жасалғанын алға тартты.
Интерактивті картадан біз еліміздің барлық ұйымдарындағы әрбір медициналық жабдықты, тозу жөніндегі ақпаратты көріп отырмыз, өңірлер бөлінісінде, тіпті аудан деңгейіне дейін жарақтандырудың ағымдағы жай-күйіне тұрақты мониторингті жүзеге асырамыз, - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство алдағы үш жылда медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейі артатынын айтқан болатын.