Алғабас ауылында қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі – Бозымбаев

Түркістан облысындағы жеке үйде болған өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады.

Вице-премьер кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын айтты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөндірілді.

Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталуда. Әзірге қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі).

Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім, - деп баяндады Қанат Бозымбаев.

Еске салайық, бұған дейін ТЖМ таңғы уақытта Түркістан облысы ТЖД-ның “101” бірыңғай байланыс пультіне Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскенін хабарлады. Өрт жалпы 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.

Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет
Өзгелердің жаңалығы