Бүгiн 2026, 11:45 Фото: видеодан скриншот

«Альфард» айып тұрағына кетті: Ақтөбеде 36 рет заң бұзған жүргізуші ұсталды

36 рет жол ережесін бұзған жүргізуші жолаушылардың өмірін қатерге тікті.

Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған «Альфард» автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол 36 рет ереже бұзып, жалпы сомасы 1 миллион 600 мың теңгеден астам қарыз болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Полициядан хабарлағандай, аталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі тас жолдарда белгіленген жылдамдық режимін жүйелі түрде асырумен байланысты.

Мұндай әрекеттер жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.

Ең алаңдатарлығы - жүргізуші көптеген құқықбұзушылықтарына қарамастан жолаушылар тасымалымен айналысқан. Осы арқылы ол жолаушылардың өмірі мен денсаулығын тікелей қауіпке тіккен.

Жылдамдықты асыру жүргізушінің жол жағдайына дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін төмендетіп, жол-көлік оқиғаларының салдарын ауырлатады. Қазіргі уақытта көлік арнайы тұраққа қойылды. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда 34 миллион теңге қарызы бар көлік айып тұрағына қойылды.