Әлеуметтік желілердің бала психикасына қандай әсері бар? Әлем елдеріндегі шектеу қандай?
Заман ағымына қарай әлеуметтік желілерде түрлі платформалар пайда бола бастады. Олардың көпшілігін жастар пайдаланатыны белгілі. Әлеуметтік медиа психикалық денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Қазір кеудесінде жаны бар адамды жаны жоқ, бірақ жады бар техниканың жіпсіз байлаған заманы десек артық айтпағанымыз. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі әлеуметтік желілердің балалардың психологиясына тигізетін кері әсері мен әлемдік тәжірбиелерге шолу жасады.
Адамдардың көпшілігі таңертең төсекте жатқанда телефонын, өз аккаунттарын тексереді. Жасөспірімдер мен жастар үшін әлеуметтік желі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды деп айтуға болады. Ал мектеп оқушыларының едәуір бөлігі әлеуметтік желілердің олардың денсаулығына, психикасына қалай әсер етіп жатқанынан бейхабар.
Шетелдік ғалымдар цифрлық технологияның балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқатына, әсіресе қорқыныш, депрессияға түсіріп жатқанын айтып алаңдаушылық танытып жатыр. Мамандардың айтуынша, біріншіден, ғаламторда отырған кезде адам отбасы мен достарының өтініштерін мүлдем елемейді екен. Екіншіден, жиі депрессияға ұшырайды және интернетсіз қалған уақытта қатты мазасызданады. Үшіншіден, ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут сайын ұялы телефоны мен жеке аккаунтын бірнеше мәрте тексеріп қарайды. Ал физикалық симптомдарын айтсақ, бастың қатты ауруы немесе арқаның бүкірейіп кетуі. Дұрыс тамақтанбау, жеке бас тазалығына немқұрайлы қарау, ұйқының бұзылуы. Міне, осындай кері әсерлерін де ескергеніміз жөн.
Австралия: 16 жасқа толмағандар үшін әлеуметтік желіге тыйым салынған
2024 жылы Австралия билігі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады. Заңға сәйкес, балалар рұқсат етілген жасқа дейін платформаларда өз атынан парақша аша алмайды. Мұндай тыйым заң жүзінде мәртебе иеленген алғашқы жағдай.
Енді TikTok, Snapchat, Reddit, Instagram, Facebook, X иелері кәмелетке толмағандар платформаларға кіре алмас үшін шара қабылдауға тиіс. Әйтпегенде компанияларға 50 млн австралия доллары (шамамен 16,5 млрд теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Заң жобасының авторлары мұндай тыйым балаларға әлеуметтік желілер тигізетін психикалық қауіптен қорғайтынына сенімді.
Франция: Мектептерде телефонға тыйым салынған
Президент Эмманиюэль Макронның бастамасымен құрылған заң ғаламторға шығуға мүмкіндік беретін құрылғыларды оқу ғимараттары маңайында пайдалануға тыйым салады. 2024 жылдың қыркүйегінде Франция мектептерде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу экспериментін бастады. 50 000-ға жуық студентті қамтитын 200-ге жуық колледж студенттерге мектепке кірген кезде телефондарын тапсырып, оқу күні соңында жинауды міндеттеді. Олардың қатарында ноутбук, планшет, смартфон, “ақылды” сағаттар бар.
Девайстарды білім алу мақсатында қажеттілігі туындаған кезде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Заңды қолдаушылардың айтуынша, Францияда 12 мен 17 жас аралығындағы он жасөспірімнің тоғызында ұялы телефон бар. Алайда құрылғыларды пайдалану балалардың сабақты зейін қойып тыңдауына кедергі келтіреді, физикалық белсенділігін төмендетеді.
Норвегия: Әлеуметтік желі тек 15 жастан бастап
2024 жылдың қазан айында Норвегия үкіметі әлеуметтік желілерді тәуелсіз пайдаланудың ең төменгі жасын 13-тен 15-ке дейін көтеруді жоспарлап отырғанын жариялады. Премьер-министр Йонас Гар Стор балаларды мазмұны теріс желілерден қорғау қажеттігін айтты. Сондай-ақ технологиялық компаниялар жас пайдаланушылардың санасына шамадан тыс әсер етіп жатқанын мәлімдеді.
Қазақстанда TikTok платформасы 13 жасқа толмаған пайдаланушылардың 1,9 мил жазбасын жойды
Қазақстанда TikTok платформасы 13 жасқа толған пайдаланушыларға ғана арналған. Платформаның модераторлар тобы бұл жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі есептік жазбаларды анықтап, жойып отырады. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда 13 жасқа толмаған пайдаланушылардың 1,9 миллион есептік жазбасы жойылды.
Ұлыбритания балаларды ғаламтордағы зиянды контенттен қорғау талаптарын күшейтті
Ұлыбританияда 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан интернеттегі қауіпсіздік туралы заң 2024 жылдың желтоқсанында толық күшіне енді. Заң балаларды зиянды ақпараттардан қорғауға ерекше назар аудармақ. Заңды бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салуды ұйғарды. Балаларға зиянды контент көрсеткені үшін платформалар жаһандық кірісінің 10 пайызын төлеуге міндеттеледі.
Қырғызстан: TikTok елде толығымен бұғатталды
Қырғызстанда 2024 жылдың 18 сәуірінен бастап TikTok әлеуметтік желісіне кіруге толық тыйым салынды. Бұл шешімнің ресми себебі платформаның “Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, зияткерлік, психикалық, рухани-адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы” Қырғыз Республикасының Заңын сақтамауынан болған.
Әлеуметтік желі: балалар арасындағы суицидтің көбеюі
Лос-Анджелестегі Бостон білім беру орталығының балалар психиатры Карл Флейшер суицид деңгейі ХХ ғасырдың 80-70 жылдарымен салыстырғанда айтарлықтай өскенін атап өтті. Ол мұны өзіне деген жоғары талаптарды тудыратын әлеуметтік медианың әсерімен байланыстырады. Оның айтуынша, Instagram және Facebook сынды платформаларда ата-аналардың көпшілігі отырмайды. Әсерінен балаларының әлеу желіде қандай кибербуллингке ұшырап жатқанынан бейхабар болып шығады.
Мәселен, 2022 жылы Чикагода Нейт Бронштейн есімді 15 жасар бала өз-өзіне қол жұмсаған. Бала қайтыс болғаннан кейін ғана ата-анасы оның кибербуллингке ұшырағанын анықтаған.
Осы ретте, Қазақстанда да балалар арасындағы суицидтің көбейіп кетуіне байланысты депутаттар елдегі әлеуметтік желілерді бұғаттауды сұраған. Министрлік бұл мәселені әлеуметтік платформалармен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, шешуді көздеп отыр.
Қазақстанда әлеуметтік желілерге кіруді толығымен шектеу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Себебі министрлік онлайн-платформалар әкімшілігімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз контентті шектеу шараларын қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Платформалар осы мәселелерді шешу үшін сындарлы диалогқа дайын, – делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ, министрлік жауабында Telegram, TikTok және Meta платформаларының өкілдерімен ынтымақтастық орнатқаны айтылған. Бұл платформалармен өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын қауіпті ойындарды, балалардың психикасына теріс әсер ететін зиянды контентті жойып отыруға келіскен.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда суицидті насихаттау белгілері бар 58 материал анықталған. Олардың арасында:
- Telegram платформасында 29 материал табылып, оның 26-сы жойылған;
- TikTok-тан 20 материал;
- YouTube сайтынан 8 видео анықталып, төртеуі бұғатталған;
- Facebook-тен бір материал анықталып, жойылған.