31 Тамыз 2026, 12:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Әлеуметтік желілер мен агрессивті жарнама оқушылардың санасына қалай әсер етеді?

Тақырыпты клиникалық психологпен бірге талдаймыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін атап өтті.

Осыған байланысты Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Зиянды тағамдар мен әлеуметтік желілерді бақылаусыз пайдалану өскелең ұрпақтың болашағына қалай әсер етуі мүмкін екенін клиникалық психолог Юлия Маркштедермен бірге талдап көрдік.

Сарапшының айтуынша, адамның тамақтану әдеті тек отбасында қалыптаспайды. Оған бала өсіп келе жатқан орта да айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан маман зиянды тағамдардың агрессивті маркетингін шектеу қажеттігі туралы мәселенің көтерілуін толық қолдайды.

Жарнама өнім туралы ақпарат берумен ғана шектелмейді. Ол эмоционалдық байланыс қалыптастырады: фастфуд адамның санасында ләззат алумен, демалыспен, ойын-сауықпен, қарым-қатынаспен және марапатпен байланыстырыла бастайды, дейді психолог. Егер бала осындай ақпаратты үнемі көріп отырса, белгілі бір өнімдер біртіндеп ол үшін үйреншікті әрі қалаулы таңдау болып қалыптасады.

Бұл жерде әлеуметтік ықпал ету тетіктері де жұмыс істейді. Біз айналамыздағы адамдардың іс-әрекетіне бейімделуге бейімбіз. Әсіресе біз үшін тартымды немесе маңызды адамдардың әрекетіне көбірек мән береміз. Балаға танымал, табысты, бақытты адамдардың белгілі бір тағамды жейтіні үнемі көрсетілсе, оның санасында еріксіз түрде: «бұл қалыпты нәрсе», «бәрі осылай істейді», «бұл – күнделікті өмірдің бір бөлігі» деген түсінік қалыптасады. Уақыт өте келе адам осы қалыпқа бейімделіп, бастапқыда жарнама арқылы жасалған бейне күнделікті өмірдің табиғи бір бөлігі ретінде қабылдана бастайды, – дейді Юлия Маркштедер.

Сарапшының айтуынша, баланың жарнамалық ақпаратты ересектер секілді сыни тұрғыдан бағалау қабілеті әлі толық қалыптаспағанын ескеру өте маңызды. Сондықтан баланың тамақтану тәртібін қалыптастыру жауапкершілігін толығымен ата-ананың мойнына артуға болмайды.

Баланы ересектер тәрбиелейді, бірақ сонымен қатар оны қоршаған ақпараттық орта да тәрбиелейді. Егер бұл орта зиянды тағамдарды тұтынуға үнемі ынталандырып отырса, ата-аналар кәсіби түрде құрылған маркетингпен бәсекелесуге мәжбүр болады. Ұзақ мерзімді перспективада мұның салдарынан дұрыс тамақтанбау әдеті қалыптасып, денсаулыққа байланысты мәселелер туындауы мүмкін.

Әлеуметтік желілердің ықпалы туралы айтқан Юлия Маркштедер қазіргі цифрлық орта адамның назарын барынша ұзақ ұстап тұруға және контентті тұтынуға ынталандыратындай кәсіби түрде жасалғанын атап өтті. Шексіз жаңалықтар таспасы, бірінен соң бірі жылдам ауысатын жарқын контент, лайктар, пікірлер мен ұсынымдар адамды үнемі ынталандырып, тез арада марапат алғандай әсер береді. Бұған ересек адамның өзіне қарсы тұру қиын болуы мүмкін. Ал балаға одан да күрделі. Себебі оның өзін-өзі бақылау, сыни бағалау және ләззатты кейінге қалдыру қабілеттері әлі қалыптасу кезеңінде.

Сондықтан мәселе әлеуметтік желілерді пайдаланудың өзінде емес. Мәселе –тұрақты стимуляцияның ұзақ уақыт зейін қоюды және шыдамдылықты қажет ететін әрекеттерді: оқуды, кітап оқуды, адамдармен тікелей қарым-қатынасты, ойынды, ұйқыны ығыстырып шығаруында. Бұл әсіресе мектеп оқушылары үшін маңызды. Өйткені дәл осы жаста зейін қою, өзін-өзі реттеу, сондай-ақ іш пысуға және бірден марапат алмауға төзе білу дағдылары белсенді қалыптасады, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер әлеуметтік ықпалдың қуатты көзіне айналып отыр. Бала өзге адамдардың қалай көрінетінін, қалай өмір сүретінін және қандай жетістікке жеткенін үнемі көріп отырады, құрдастарының реакциясы мен мақұлдауына мән береді. Бұл оның өзі, сыртқы келбеті, жетістігі және белгілі бір ортаға сай болу үшін қандай болуы керектігі туралы түсінігіне әсер етуі мүмкін, дейді сұхбаттасымыз.

Дегенмен әлеуметтік желілер өздігінен міндетті түрде зиянды деп айта алмас едім. Баланың онда қанша уақыт өткізетіні, қандай контент көретіні және сол контент оның өміріндегі қандай әрекеттерді ығыстырып шығаратыны маңызды. Бұл жерде жауапкершілік бірнеше деңгейде қарастырылады. Ата-ананың рөлі негізгі болып қала береді.

Баланың жасын ескере отырып, шектеулерді белгілейтін және біртіндеп цифрлық құрылғыларды пайдалану жауапкершілігін баланың өзіне беретін де – ата-ана. Сонымен қатар цифрлық ортаның да жауапкершілігі бар. Ол ұсынылатын контент пен пайдаланушының назарын ұстап тұратын тетіктерге жауап береді. Сондықтан балаларды цифрлық ортаның шексіз ықпалынан қорғау идеясының психологиялық негізі бар, – дейді Юлия Маркштедер.

Бұл ретте баланың жасын ескеру маңызды. Кішкентай баладан өз зейіні мен уақытын толықтай өз бетінше реттеуді күтуге болмайды. Өйткені оған жауап беретін функциялар физиологиялық тұрғыдан әлі даму үстінде. Бала неғұрлым кішкентай болса, оған ересектер тарапынан сыртқы бақылау соғұрлым көбірек қажет. Жасы ұлғайған сайын бұл бақылау біртіндеп баланың өзін-өзі бақылауына ұласуы керек.