Әлеуметтік желіге қатаң тыйым: Ұлыбритания жаңа заң қабылдамақ
Үкімет бұл бастаманы «балаларға балалық шақты қайтару» деп сипаттап, әлеуметтік желілердің кәмелетке толмағандарға теріс әсерін азайтуды көздейді.
Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға жаппай тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы премьер-министр Кир Стармер мәлімдеп, жаңа шаралар балаларды интернеттегі қауіптерден қорғауға бағытталғанын айтты.
Reuters-тің хабарлауынша, жаңа ережелерге сәйкес, Snapchat, TikTok, Instagram, Facebook және X сияқты платформаларға шектеу енгізіледі. Сондай-ақ, балаларға арналған онлайн ойын платформалары мен тікелей эфир қызметтеріне де қосымша бақылау орнатылады.
Үкімет бұл бастаманы «балаларға балалық шақты қайтару» деп сипаттап, әлеуметтік желілердің кәмелетке толмағандарға теріс әсерін азайтуды көздейді. Алайда WhatsApp пен Signal сияқты мессенджерлер бұл шектеулерден тыс қалады.
Ұлыбританияның жаңа моделі Австралиядағы тәжірибеден де қатаң болып отыр. Сарапшылар мұндай толық тыйымның тиімділігіне күмән келтіргенімен, үкімет жас шектеулерін енгізу мен бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.
Ресми жоспарға сәйкес, жаңа ережелер келесі жылдың көктеміне қарай күшіне енуі мүмкін.