Бүгiн 2026, 10:45 Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желідегі саудадан түрмеге: Сотталған әйел рақымшылықтан айырылды

Instagram-да киім сатамын деп ақша жинаған әйелдің жазасы қысқарған. Алайда кейін оған қатысты шешім өзгерді.

Қарағанды облысының тұрғыны бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталғанына қарамастан, жазасын өтеу кезеңінде қайтадан осындай қылмыстарды жасаған.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, ол Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сату туралы хабарландыру орналастырып, азаматтардан алдын ала төлем алған. Алайда тауарды жеткізбей, түскен қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған.

Теміртау қалалық сотының үкімімен аталған әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот оған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қолданып, жазаны 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан.

Алайда сот актілерін тексеру барысында рақымшылықтың заңсыз қолданылғаны анықталды. Заңға сәйкес, алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеу кезеңінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға тікелей тыйым салынады, - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Бас прокуратураның наразылығы бойынша рақымшылықты қолданудың күші жойылды.

Сотталған әйелге 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Рақымшылық – гуманизм актісі. Алайда ол жазасын өтеу кезінде қайтадан қасақана қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан босатпайды.

Бұған дейін Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа ілігуі мүмкін екенін жаздық.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда рақымшылық жарияланады: Кім босатылады, кімге кешірім жоқ?