Әлеуметтік желідегі дүрбелең: Бурабай ауасына байланысты жаппай үрей туындады
Бурабайда ауа ластанды деген әлеуметтік желідегі мәлімет шындыққа жанаспайды. Метеостанция дерегіне сүйенген парк әкімшілігі ауаның санитарлық нормаға сай, туристер үшін қауіпсіз екенін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) әлеуметтік желілерде тараған жазбаларға қатысты мәлімдеме жасады. Онда туристер мен демалушыларға қауіп төндіретін ластанған ауа туралы айтылған. Авторлар шетелдік дереккөзге сілтеме жасағаны да белгілі болды.
Мамандар жағдайды бірден түсіндірді.
2023 жылы "Бурабай" МҰТП аумағына заманауи метеостанция орнатылды. Ол ауадағы РМ 2,5 ұсақ дисперсті бөлшектер деңгейін де өлшейді. Әдетте "лас ауа" туралы сөз болғанда осы бөлшектер айтылады. 2024 жылғы өлшеу деректері бойынша Бурабайда рұқсат етілген нормадан асу жағдайы тіркелмеген, – деп хабарлады "Бурабай" МҰТП баспасөз қызметі.
Яғни парк қызметкерлерінің айтуынша, ауа санитарлық талаптарға сай және денсаулыққа қауіпсіз.
Келтірілген деректер 2024 жылғы шынайы жағдайға сәйкес келмейді және расталмаған. Берілген мәліметтер сенімсіз, – деп мәлімдеді "Бурабай" МҰТП баспасөз қызметі.
Парк әкімшілігі БАҚ пен жеке блогерлерді кез келген ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге шақырады.