Әлеуметтік желідегі арандатушылыққа жол жоқ – Бас прокуратура ескерту жасады
Ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздық туғызуға бағытталған арандатушылық сипаттағы жазбалар мен пікірлердің көбейгеніне байланысты азаматтарға үндеу жолдады.
Қадағалау органының мәліметінше, ұлттық, әлеуметтік, діни немесе өзге де алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкеледі. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес мұндай құқық бұзушылық үшін 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамасы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті жариялауға және таратуға тыйым салады. Егер жарияланған материалда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура азаматтарды ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және қоғамдағы татулық пен тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін материалдарды жариялаудан бас тартуға шақырды.
Ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сондай-ақ жауапкершілік тек ақпарат авторларына ғана емес, оны әдейі таратуға қатысқан тұлғаларға да жүктелетінін атап өтті.
Бас прокуратура қоғамдық келісім, өзара құрмет пен ел бірлігі Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін айтып, азаматтарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды.