Әлеуметтік желіде лайк үшін "шоу" жасайтындар енді қалай жазаланады?

Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлік өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешев соңғы уақытта әлеуметтік желілерде “хайп”, лайк немесе түрлі конкурстар үшін жасалатын арандатушылық әрекеттер көбейіп бара жатқанын атап өтті.

Кейбір жастар сауда орталықтарында немесе көшеде айғайлап, жартылай жалаңаш жүгіріп, жұртқа кедергі келтіріп, өздерін “шоу” етіп түсіріп жүр. Мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылған. Жуырда елордада болған осындай оқиға бойынша құқықбұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Лайк жинау үшін жасалған мұндай әрекет батылдық та, креатив те емес. Бұл – қоғамдық тәртіпті бұзу, көпшілікке құрметсіздік көрсету, ар-ұятқа жат қылық, – деді ол.

ІІМ өкілі мұндай оқиғаларға жол берілмейтінін және заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.

Қоғамдық орында жасалған кез келген заңға қайшы немесе ұят әрекетке жол берілмейді. Баршаға, әсіресе жастарға айтарымыз – күмәнді интернет-трендтерге ермеңіздер. Өзіңізді де, айналадағы адамдарды да құрметтеңіздер. Нағыз құрмет пен абырой жақсы іс, пайдалы ой, дұрыс әрекет арқылы келеді, – деді Шыңғыс Алекешев.

ІІМ қоғамдағы тәртіп пен мәдениетті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы