Әлеуметтік зерттеу: Қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы этносаралық ахуалды оң бағалайды
Қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы елдегі этносаралық ахуалды тыныш әрі тұрақты деп бағалайды. Бұл туралы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізген әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерінде көрсетіліп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде этносаралық келісім мен бірліктің мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстың негізінде әділдік пен барлық азаматқа тең мүмкіндік қағидаттары жатыр.
Сауалнама нені көрсетті?
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 93,2 пайызы түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынасты оң бағалаған.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 72,5 пайызы этникалық белгісі бойынша құқықтарының бұзылуына тап болмағанын айтқан. Ал 86,8 пайызы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік шараларға оң баға берген.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған 5 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Оған 140 мыңнан астам адам қатысқан.
Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға 800-ге жуық сарапшы, журналист, блогер және этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұмылдырылған.
Елде мыңға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді
Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық этностың өкілдері тұрады. Елде 1 мыңға жуық этномәдени бірлестік пен 4 мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді.
Өңірлерде қоғамдық, мәдени және ағартушылық іс-шаралар өткізілетін 37 Достық үйі жұмыс істейді.
Сонымен қатар елдің медиаторлар тізілімінде 432 медиатор тіркелген. Олар қоғамдық дауларды реттеуге және медиация институтын дамытуға қатысады.