Әлеуметтік төлемнен ерікті түрде қалай бас тартуға болады?
Материалдық әл-ауқаты жоғары және ауқатты санатқа жататын жәрдемақы алушылар eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы бір немесе бірнеше әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тарта алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтініш беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, сервис әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға бағытталған. Өтініш толықтай онлайн қабылданады. Оны кез келген уақытта беруге болады.
Өтініш қалай беріледі?
- Жүйеге кіріп, деректерді тексеру. eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріңіз немесе eGov Mobile қосымшасын ашып, «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисін таңдаңыз. Жүйе аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, туған күніңізді және тіркелген мекенжайыңызды автоматты түрде көрсетеді.
- Төлемді таңдау. Экранда алып жүрген жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тізімі шығады. Бас тартқыңыз келетін бір немесе бірнеше төлемді белгілеп, «Қол қою және жіберу» батырмасын басыңыз.
- Шешімді растау. Экранға ескерту шыққанда «Растау» батырмасын басыңыз. Осыдан кейін өтініштің сәтті жіберілгені туралы хабарлама шығады. Шешіміңіз өзгерсе, осы кезеңде «Болдырмау» батырмасын басуға болады.
Кейін жәрдемақыға қайта өтініш беруге бола ма?
Министрліктің түсіндіруінше, төлемнен бас тарту – азаматтың ерікті таңдауы. Егер кейін материалдық жағдайы өзгеріп, әлеуметтік қолдауға қайта мұқтаж болса, жәрдемақы тағайындау туралы кез келген уақытта қайта өтініш бере алады.
Ведомство сервистің тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді екенін ескертті. Министрлік күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бейресми сайттарға жеке деректерді енгізбеуге шақырды.