Әлеуметтік тауар бағасына бақылау күшейеді: Сауда министрі түсіндірді
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты жаңа бастамаларды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының атаулы әлеуметтік көмекке көшу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін бірқатар шара қолға алынбақ.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15% (он бес пайыз) сауда үстемесін бақылау күшейтіледі және халықтың әлеуметтік осал санаттарына арналған атаулы қолдау шараларын жүзеге асырғалы жатырмыз, – деді министр.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын талдау модулі іске қосылмақ. Бұл жүйе тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Пилот шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлері беріледі. Ваучермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сауда үстемесіз бағасына сатып алуға мүмкіндік береді, – деді Арман Шаққалиев.
Шаққалиевтің мәліметінше, пилоттық жоба Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында іске асырылады. Бағдарламаға 5 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушы қамтылады.
Жоба өңірлік сапарлар барысында Парламент депутаттары тарапынан қолдау тапты және қоғамдық талқылаудан сәтті өтті, – деді Сауда және интеграция министрі.