Әлеуметтік салада жұмыс жасау үшін шыдам мен жанашыр жүрек керек – Ләззат Қожахметова
Қарағандылықтар үшін Ләззат Қожахметова кім? Бірі оқытушы десе, бірі журналист дері анық. Көпшілігі көпбалалы аналардың іздеушісі, отбасы институтының жақтаушысы деп таниды. Бастысы Ләззат Қожахметова ел алғысына бөленген, адамгершілік қасиетімен танылған, көпбалалы аналарға пана болған, Президент айтқандай «Адал азамат», деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деген еді. Осындай азаматтардың бірі -Ләззат Қожахметова. Ол іскерлігімен ғана емес, адамгершілігімен, жанашырлығымен танылған, көпке пана бола білген жан.
Көпбалалы анамын. Үшінді баламды 40, төртіншімді 41 жасымда дүниеге әкелдім. Сол жылы 4 баласы бар аналарға берілетін көпбалалы ана статусын алып тастады. журналист ретінде әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп жүрдім. Келесі жылы Астанада 5 бала өрттен қаза болды. Бұл оқиға 2019 қаңтар айында болса, мен ақпан айында қарағандылық көпбалалы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесетін, оларға кеңес беретін WhatsApp-та чат аштым. Сол жылдары министрлік тұрмақ әкімдіктегілер әлеуметтік желімен жұмыс істемейтін, шенеуіктердің қабылдауына кіру өте қиын еді. Сол кездегі ел Президенті Н.Назарбаевтың атына 300 әйелдің атынан көпбалалы ана статусын қайтаруды сұрап хат жазған болатынбыз. Бір қызық айтайын, әйелдерді Президентке жазған хатқа қол қою үшін паркке шақырғам ғой. Маған Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарласты. Бір күннің ішінде Қарағандыны дүр сілкіндірген едік. Осыдан кейін маған мемлекет арнайы кабинет берді, әйелдерді қабылдай бастадым. Өкініштісі, сол жылдары әйелдердің көпшілігі сауатсыз еді, қарапайым шағымды да жаза алмайтын. Өзім бала күтімен байланысты декреттік демалыстамын. Бұл чаттар кәдімгідей менің жұмысым сияқты болды. Чат таңғы 9.00-де ашылып, 18.00-де жабылатын. Әйелдерге кеңес тегін берілді. Сол кездегі бір байқағаным, мемлекеттік органдар үй кезегіне тұру, жәрдемақы алу немесе басқа да әлеуметтік көмектер жайлы ақпараттарды халыққа қарапайым, түсінікті тілмей айта алмайтын. Мен журналист болғаннан кейін мемлекеттік бағдарламаларды әйелдерге түсіндіре бастадым, - дейді Ләззат Қожахметова.
Сол жылдары облыстың және қаланың әйелдеріне арнап ашылған чаттардың саны бүгінде 12-ге жеткен. Олардың әрқайсысында 200-ге тарта ана әлеуметтік көмек, баспана кезегі, құқықтық көмек, кәсіп бастау жолдары және басқа да мәселелер бойынша тегін кеңес алып отыр.
Сол жылы Ләззат Қожахметова «Талбесік» көпбалалы аналар ұйымын, келер жылы «Шаңырақ» отбасы орталығын құрады. «Талбесік» пен «Шаңырақ» көпбалалы аналардың ғана емес, әлеуеті қиын жағдайдағы отбасылардың шамшырағына айналды.
«Шаңырақ» отбасы орталығы Қарқаралы, Бұқар жырау және Шет аудандарында да ашылды. Біз осылайша қарпайым халықтың мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жәрдемақыға құжаттар тапсыруына көмектестік, көпбалалы аналардың кәсіп бастауына, жаңа мамандықтар игеруіне арналған тегін курстар ұйымдастырдық, құқықтық сауаттылық бойынша кеңес беріп, психологиялық көмек көрсете бастадық. 2023 жылы Отбасын қолдау орталығы мемлекеттік мекемесі ашылды. Қазіргі уақытта біздің мекемеге келген азаматтардың барлық тарихын білеміз деп айтсақ та болады, - дейді Ләззат Қожахметова.
Қазан айында Отбасын қолдау орталығы жанынан тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарды қысқа мерзімге орналастыруға арналған тұрақ-жай ашылды. Мұнда зорлық-зомбылық құрбаны болған азаматтарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі.
Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды тиісті ұйымдарға жібергенге дейін уақытша 1 ай мерзімге дейін тұруға арналған. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 байланыс орталығына жүгіну арқылы келе алады. Үй-жайда 14 жатын орын, ас үй, тазалық бөлмесі, кір жуғыш машина, теледидар және басқа да тұрмысқа қажетті заттармен толық жабдықталған, - дейді Л.Қожахметова.
Мамандығым журналист, университетте оқытушы болсам да әлеуметтік салаға келгеніме 5 жылдан асты. Әлеуметтік қызметкерлер мерекесінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Здесь нет случайных людей» деді. Рас. Бұл салаға тек патриоттар ғана келеді. Себебі шыдам мен жанашыр жүрек болмаса жұмыс жасау қиын. Мүгедектік, жәрдемақы, АӘК, төлемдердердің артында көрінбейтін қаншама адамның еңбегі тұр, - дейді Ләззат Қожахметова.
Президент айтқандай адал азаматтың қасиетін бойына сіңірген жан қара басының қамын емес, халықтың игілігіне қызмет етуде.