Әлеуметтік қызметкерлерге жаңа талап: Қазақстанда біліктілік қалай бағаланады?
Қазақстанда әлеуметтік сала мамандарының кәсіби даярлығын күшейтуге бағытталған жүйе жетілдіріліп жатыр. Қазір елде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етсе, олардың біліктілігін арттыру, кәсіби құзыретін бағалау және мамандар тапшылығын алдын ала анықтау бағытында бірқатар тетік енгізілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік қызметкерлердің 1 251-і үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Мамандардың басым бөлігі – 55,5%-ы ауылдық жерлерде, қалған 44,5%-ы қалаларда еңбек етеді.
Әлеуметтік қызметкерлердің дені азаматтарға үй жағдайында көмек көрсетеді. Бұл бағытта 9 532 маман немесе жалпы қызметкерлердің 86,5%-ы жұмыс істейді. Ал стационарлық ұйымдарда – 1 020, жартылай стационарлық мекемелерде – 998, уақытша болу ұйымдарында 451 маман қызмет атқарады.
Сала қызметкерлерінің жартысынан астамының жоғары білімі бар. Нақтырақ айтқанда, 6 410 маман немесе 53,2% жоғары білім алған. Тағы 3 633 қызметкердің орта кәсіптік, 1 833 маманның орта білімі бар. 125 әлеуметтік қызметкер магистр дәрежесіне ие.
Министрлік әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мамандардың кәсіби дағдыларын тұрақты жетілдіруге басымдық беріп отыр. Осы мақсатта әлеуметтік жұмыс пен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мамандарға арналған кәсіби стандарттар қабылданған. Олар қызметкерлердің білімі мен кәсіби құзыреттеріне қойылатын талаптарды айқындайды.
Сонымен қатар мамандар Enbek Skills платформасы арқылы білімін жетілдіріп жатыр. Бүгінге дейін платформада 12 мың әлеуметтік қызметкер оқудан өткен. Курстар әлеуметтік жағдайларды басқару, әртүрлі сала мамандарының өзара іс-қимылы, цифрлық сүйемелдеу және инклюзивті жұмыс тәсілдерін қамтиды.
3 мыңнан астам маман біліктілігін растады
2025 жылдан бері елімізде Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі жұмыс істейді. Онда сала мамандарының кәсіби құзыреттері туралы ақпарат жинақталады. Бұған қоса, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін ресми тану тетігі енгізілген.
2025 жылы 2 290 маман кәсіби біліктілігін растаған. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша биыл тағы 1 161 қызметкер тиісті рәсімнен сәтті өтті. Осылайша, екі жылда кемінде 3 451 маманның кәсіби біліктілігі расталды.
Рәсім қорытындысында берілетін сертификат әлеуметтік қызметкерді аттестаттау және оған біліктілік санатын беру кезінде ескерілетін негізгі құжаттардың бірі саналады.
Жастар әлеуметтік салаға аз келеді
Кадрлық жағдайды талдау әлеуметтік қорғау саласында шешуді қажет ететін мәселелердің де бар екенін көрсеткен. Соның ішінде қызметкерлердің орташа жасының өсуі, жастардың салаға аз келуі және өңірлердегі кадрмен қамту деңгейінің әркелкілігі аталады. Жекелеген бағыттарда маман тапшылығы да байқалады.
Осыған байланысты кадрларға деген болашақ сұранысты алдын ала есептеу, қызметкерлерді үздіксіз оқыту және олардың кәсіби дамуының бірыңғай жүйесін қалыптастыру ұсынылып отыр.
Жоспарланған өзгерістердің бірі – әлеуметтік сала мамандарының біліктілігін тану орталығын құру. Орталық қызметкерлердің кәсіби деңгейін тәуелсіз бағалаумен қатар, олардың құзыреттеріне мониторинг жүргізіп, кадр тапшылығы байқалатын бағыттарды анықтауы тиіс.
Бұдан бөлек, әлеуметтік сала мамандарын кәсіби дамытудың ұлттық моделі әзірленген. Ол жоғары оқу орындары, жұмыс берушілер, кәсіби қауымдастықтар және мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуді көздейді.
Қазір әлеуметтік қызметкерлер еліміздегі 12 бейінді жоғары оқу орнының базасында қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өте алады. Бұл оқу орындарында әлеуметтік салаға маманданған кафедралар жұмыс істейді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың түпкі мақсаты – әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеріп, саладағы кадр сапасын арттыру. Өйткені әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасы мамандардың даярлығы мен кәсіби құзыретіне тікелей байланысты.
Тағы оқи отырыңыз:
Елімізде әлеуметтік қызметкердің тиісті біліктілігі жоқ - Жақыпова
Еліміздегі әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі көтеріледі