Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі қашан көтеріледі? – вице-министр жауап берді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнін мерекелеуге арналған конференция кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін өзгертуді көздеп отырмыз. Бұл реттеліп жатыр, жобада бар. Сол заңнама аясында бірінші кезекте мәртебесі, білімі мен мансабына байланысты қойылатын талаптар және олардың жалақысын қайта қарау көзделіп отыр. Министрліктің аясында арнайы жұмыс топтары құрылған. Жылдың соңына дейін сол жұмыс тобы әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мен мәртебесі жайында ұсыныстарды айқындап, заңға енгізілетін болады, - деді ол. 

Сондай-ақ вице-министр BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі қойған «Әлеуметтік қызметкерлерді қажетсіз концерттерге көрермен (массовка) ретінде пайдалануды қашан қоясыздар?» деген сауалға да жауап берді.

Сұрағыңыз өте орынды. Өз уақытында сондай жағдайдағы педагогтардың мәртебесін өзгертті ғой. Біз де әлеуметтік қызметкерлерді қорғап, болашақта ондай концерттерге жібермеуді қарастырып жатырмыз. Өйткені бүгінгі таңда ондай мәселелер өңірде де, орталықтарда да бар, - деді вице-министр. 

Сонымен қатар, Ербол Оспанов әлеуметтік қызметкер Қазақстанда жаңа мамандық болып саналатынын айтты. Сондықтан дамыған мемлекеттердің стандартын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметкерлерді қорғап, олардың мәртебесін жоғарылату шешімі жылдың соңына дейін қабылданатынына сендірді.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы