ЖСДП өкілдері ШҚО мен Қызылорда облысында тұрғындармен кездесті
Екі өңірдегі кездесуде де тұрғындар әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл инфрақұрылымы және жастар саясатына қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында өңірлерде тұрғындармен кездесулер өткізуде. Бүгін партия өкілдері Қызылорда облысының Шиелі ауданында және ШҚО-ның Глубокое кентінде сайлаушылармен кездесіп, «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Шиеліде өткен кездесуге әлеуметтік сала өкілдері, жастар, ардагерлер мен тұрғындар қатысты. Кездесуде ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ерғазы Алпысбайұлы партияның басты ұстанымы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін айтып, өзекті мәселелерді шешуде халықпен ашық диалогтың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Қуандық Нұржау партия бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жастардың әлеуетін дамыту және өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Ал ШҚО-ның Глубокое кентінде өткен кездесуде партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттары Виктор Калгин мен Рүстем Сарманов тұрғындармен пікір алмасты. Виктор Калгин ауыл шаруашылығының әлеуетін пайдалану үшін ғылымға негізделген өндірісті дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ауыл экономикасының дамуына серпін береді.
Өз кезегінде Рүстем Сарманов жемқорлықпен күрес, экономиканы цифрландыру, әділ салық жүйесін қалыптастыру және шикізаттық емес өндірістерді дамыту елдің тұрақты дамуының негізгі алғышарттары екенін айтты. Ол ауылды қолдау мен өңірлерді дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың маңыздылығына тоқталды.
Екі өңірдегі кездесуде де тұрғындар әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл инфрақұрылымы, жастар саясатына қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.
ЖСДП өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындармен кері байланысты нығайтады. Партия сайлауалды науқан барысында халықпен тікелей диалогты жалғастырып, азаматтардың ұсыныстарын өз жұмысының маңызды бағыты ретінде қарастырады.