Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар сауықтыру демалысына жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы 2021 жылы жазғы каникул кезінде сауықтыру демалысына жіберіледі. Бұл туралы министрліктің аппарат жиналысында айтылды.

Білім және ғылым министрлігі осы жазда 13 мың балалар лагері мен демалыс ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жоспарланғанын хабарлады. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінетін болады. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарламаса, жазғы демалысқа миллионнан астам оқушы бара алады.

Жазғы сауықтыру науқаны оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден басталады. Бұл ретте балалар лагерлерін ашу және олардың толымдылығы туралы шешімді өңірлік санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Мұның бәрі өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

Санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыс жүргізді, сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені бақылауға алуға тиіс, - деп тапсырды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар жазғы кезеңде олимпиадалық резервтегі жазғы мектептер, тіл мектептері, дебат клубтары және түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, жедел әрекет ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

Республиканың барлық өңірінде «қауіпсіз аттракцион» рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Сонымен бірге «Балаға лайық» жобасы басталды.

Мәселен, жазғы уақытта балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми парақшаларында балалар мен олардың ата-аналары мақұлдаған дәмханалардың, саябақтардың, скверлердің және басқа да объектілердің фотосуреттері орналастырылатын болады.

Сондай-ақ ТЖМ-мен бірлесіп суда және өрт кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдері әзірленді. Ата-аналарға қырағылық танытып, балаларды үлкендердің қарауынсыз су қоймаларына жібермеуге кеңес береміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы