Әлеуметтік міндеттерді шешу: Мамин бюджетке түзетулер не үшін енгізілетінін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды.
Премьер-министр Асқар Мамин аталған заң жобасын Мәжіліске енгізуді тапсырды.
«Осы бюджеттің түзетілген кірістері мен шығыстары атаулы әлеуметтік көмек пен медициналық қызметтерді қосымша қаржыландыруға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге, экономика өсіміне екпін беретін қосымша өсім көздерін құруға мүмкіндік береді. Бұл өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсету, салымшыларға тұрғын үй заемдарын беру үшін Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне кредит беру, өңірлерге суармалы жерлердің гидромелиоративтік жүйелерін қайта жаңарту шаралары арқылы қамтылады. Тиісті заң жобасын республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады», - деді Асқар Мамин.
Үкімет отырысында заң жобасы бірауыздан қолдауға ие болды. Осы орайда, Мамин Премьер-министр кеңсесіне Қаржы министрлігімен бірге заң жобасын белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырды.
Атап өтсек, бюджетке әлеуметтік міндеттерді шешу, өңдеу өнеркәсібін қолдау, Павлодар мен Ақтөбе облыстарындағы суармалы жерлердің гидромелиоративтік жүйелерін қайта жөндеу, Жамбыл облысындағы ауылда кооперацияларды дамыту бойынша пилоттық жобаны іске асыру үшін түзетулер енгізілмек.