Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесін арттырғандарға жаза қатаңдайды

Сауда және интеграция министрлігі ӘҚБтК-ке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырғаны үшін бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде түзету әзірледі,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы үкіметте 3 қыркүйекте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді.

Қазіргі уақытта заңда әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15% - дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемесін асыра пайдалану бөлігінде бірінші рет бұзғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасау белгіленген. Өзгерістер ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді. Өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, жақында құжат Парламент Мәжілісіне жіберіледі, - деді Айжан Бижанова.

Жыл басынан бастап 29 тамызға дейін әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 11,8 млн теңге сомасына 2807 әкімшілік қаулы шығарылды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе көп (8 айда 760 қаулы. 2023).

Делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы шеңберінде 2 741 өнімсіз делдал және сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталды. Нәтижесінде 2 435 әкімшілік қаулы шығарылды және 306 делдал алынып тасталды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1322 фактіні құрады, - деп атап өтті ҚР СИМ бірінші вице-министрі.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов агенттіктің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмысы туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың қарауына Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі тарапынан 538 материал жіберілді, олар бойынша 350 адам жауапкершілікке тартылды. Мектеп, балабақша, аурухана, балалар үйі, оқу орындары сияқты әлеуметтік нысандарға өнімдерінің жеткізілуіне мониторинг жүргізілуде.

Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік жыл басынан бері заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 900-ден астам балабақша, мектептер, ауруханалар мен интернаттарға қымбат бағада азық-түлік жеткізу фактілерін анықтады. Облыс әкімдіктерімен бірлескен шаралардың нәтижесінде бүгінде 220 ұйым бойынша сатып алу шарттары түзетіліп, 230 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Мысалы, Ақтөбе облысында 26 балабақшада азық-түлік бағасы төмендетілді, онда бастапқыда сауда үстемесі 100% - дан 500% - ға дейін болды. Қостанайда 180% - ға дейін үстеме бағада сатып алған 35 әлеуметтік мекеме анықталды. Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік араласуымен 40 млн теңгеге жуық қаржы үнемделген қосымша келісімдер жасалды. Осындай жұмыс Астана мен Маңғыстау облысында да жүргізілді. 50 балабақша бойынша талдау жұмысы жүргізіліп, онда 85 млн теңге үнемделді. Бұл жұмыс жүйелі түрде уәкілетті және жергілікті атқарушы органдармен өзара байланыста жалғасады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сауда және интеграция министрлігі
Өзгелердің жаңалығы