Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша платформа әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік тауарлары бойынша ақпарат ауқымын жинау және талдамалық өңдеу үшін eprice.gov.kz платформасы әзірленгенін жеткізді.

Бақыт Сұлтанов баға мониторингінің бірыңғай платформасын әзірлеу жөніндегі тапсырманы орындау үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Нарықтық және ведомстволық деректерді қоса алғанда, әртүрлі деректерден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ақпарат ауқымын жинау және талдамалық өңдеу үшін eprice.gov.kz платформасы әзірленді, - деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, платформа факторларды анықтау және бүкіл тізбектегі тауарлардың қозғалысы мен бағасының тенденцияларын қалыптастыру мақсатын көздейді.

Аталған сайт бүгінгі күні құрылды. Ұлттық статистика бюросының, Мемлекеттік кірістер комитетінің және басқалардың деректерімен алмасу жұмыстары басталды, - деп түсіндірді Сұлтанов Үкіметте.

Баяндамасының соңында министр Өзбекстан мен Тәжікстан Республикаларына сапары барысында азаматтарымыз үшін жаңа піскен астыққа азық-түлікті неғұрлым төмен бағамен тікелей жеткізуді ұйымдастыру жөніндегі келіссөздердің кезекті кезеңін өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы